Фото: Dknews.kz
2025 жылдың мамырынан бастап тауарлардың шыққан елін айқындауға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұл қадам импорт сапасын бақылауға және сапасыз өнімдердің енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ult.kz.
Отандық өндірушілер үшін бірыңғай тізілім жасалып жатыр. Ол компанияларға мемлекеттік қолдау шараларына, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қол жеткізуге жол ашады.
Сонымен қатар, дүкендерде қазақстандық өнімдерге кемінде 50% сөрелік кеңістік беруді көздейтін жаңа бағдарлама іске қосылды.
Инфрақұрылымдық бақылау да күшейтілді.
«Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқаруда. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл – 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды», – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар отандық өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін де күшейтеді.
