03 ақп, 2020 сағат 13:48

Экипаж мүшелерін медициналық тексеруден өткізу тәртібі күшейтіледі

Коронавирустың таралуына байланысты Ұшу құрамының, кабина экипажының мүшелері міндетті түрде ұшу алдындағы медициналық тексеруден өтуі қажет. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Ұшу алдындағы медициналық тексеруді жүргізу кезінде азаматтық авиация ұйымдарының және азаматтық авиация ұйымдарымен келісім бойынша медициналық ұйымдардың медициналық қызметкерлері міндетті түрде дене температурасын өлшеп, терінің сыртқы қабығы мен көзге көрінетін шырышты қабаттарының түсі мен күйіне (бозару, гиперемия, шамадан тыс терлеу, акроцианоз, ісіну, терінің сарғаюы, склера және т.б.) баға беру қажет. Сондай-ақ, бадамша бездердің, жұмсақ және қатты таңдайдың шырышты қабығын, жұтқыншақты және тілін тексеру; қарашықтың жарыққа реакциясын анықтау қажет.

Сонымен қатар, ұшу алдындағы медициналық тексеруден өтетін бөлменің санитарлық тазартылуын бақылауды күшейту ұсынылды», - делінген хабарламада.

Ұшу алдындағы медициналық тексеру кабинеттері жеткілікті мөлшерде термометрмен, бір реттік маскалармен, бір реттік қолғаптармен және бір рет пайдаланатын шпательдермен қамтамасыз етілуі тиіс.

Егер жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар авиация персоналы анықталған болса, аумақтық емханаға және/немесе авиациялық медициналық сарапшыларға жолдай отырып, функционалдық міндеттерін орындаудан шеттету қажет.

Ұшу құрамының және кабина экипажының барлық мүшелеріне медициналық маска тағу ұсынылады.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тұрақты рейстерді уақытша тоқтату мәселесі бойынша қазақстандық және қытайлық әуе компаниялардың өкілдерімен кездесу өтті.

«Эйр Астана», China Southern Airlines және Air China өкілдері уақытша тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билеттерді қайтару сатып алу орны бойынша толық көлемде жүзеге асырылатынын тағы да растады.