Фото: semeytany.kz
Қазақстандағы су қауіпсіздігі мәселесі соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Бұл тақырып Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да бірнеше рет көтеріліп, су ресурстарын тиімді басқару ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екені атап өтілген. Алайда осы бағытта нақты жүйелі жұмыстардың жеткіліксіздігі Парламент деңгейінде де алаңдаушылық туғызып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Осыған байланысты Кенжеғұл Сейтжан бастаған «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Құжатта елдегі су инфрақұрылымының тозуы мен су ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы өткір мәселе ретінде көтерілген.
Депутаттардың айтуынша, Қазақстандағы су құбыры және кәріз желілерінің басым бөлігі ондаған жыл бұрын салынған. Бүгінде олардың техникалық жағдайы нашарлап, құжаттамасы ескірген, ал көп жағдайда цифрлық есепке алу жүйесі мүлде жоқ. Соның салдарынан жыл сайын миллиондаған текше метр су апаттар мен ағындылар арқылы жерге сіңіп, босқа жоғалады.
Оның сөзінше мемлекет халық пен бизнестен суды үнемдеуді талап етіп отырғанымен, инфрақұрылымдағы шығындар әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Осыған байланысты депутат құзырлы мекеме басшылығынан келесі сұрақтарға жауап беруіді сұрады:
1. Өңірлер мен ірі қалалар бойынша сумен жабдықтау жүйелеріндегі су шығынының нақты көрсеткіштері қандай?
2. Жыл сайын апаттар мен ағындылар салдарынан қанша көлемде су жоғалады?
3. Су құбыры мен кәріз желілеріне толық инвентаризация жүргізілді ме?
4. Инженерлік желілердің қанша пайызы цифрландырылып, геоақпараттық жүйелерге енгізілді?
5. Облыс және қала әкімдіктері тозған құбырларды жаңғырту үшін қандай нақты шаралар қолдануда?
6. Неліктен бірқатар өңірлерде коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру әлі күнге дейін жүйелі түрде жүргізілмей отыр?
7. Су желілерінің қысымын, шығыны мен ағындыларын нақты уақыт режимінде бақылайтын біріңғай ұлттық цифрлық жүйе құру жоспарда бар ма?
8. Халықаралық тәжірибедегі георадарлар мен роботтандырылған диагностикалық жүйелерді Қазақстанға енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?
9. Жерасты инженерлік желілерін ауқымды тексеруден өткізу жоспарлануда ма?
Осы айтылғандарға байланысты Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы келесі шараларды ұсынады:
1. Барлық су құбыры және кәріз желілеріне ұлттық инвентаризация жүргізу.
2. Қазақстанның жерасты коммуникацияларының біріңғай цифрлық картасын жасау.
3. Су ағындыларын онлайн-мониторингтеу жүйесін енгізу.
4. Су шығынын азайтудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу.
Әкімдіктердің су шығыны мен желілерді жаңғырту деңгейі бойынша ашық есеп беруін қамтамасыз ету.
«Су – ырыстың көзі». Су тапшылығы күшейіп жатқан кезеңде әрбір жоғалған тамшы – ел экономикасына келген тікелей залал. Сондықтан, «Суды үнемдеу азаматтың асүйінен ғана емес, мемлекеттің құбырынан басталуы тиіс!»
