03 ақп, 2020 сағат 16:08

Экология тәртібін бұзғандарға салынатын айыппұл 10 есе көбеймек

Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл 10 есе артады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Талдау көрсеткендей, табиғат пайдаланушылардың негізгі заң бұзушылықтары жүйелі негізде жасалады. Көбінесе оларға тазарту жабдықтарын енгізуден және қоршаған ортаға әсерді азайтудан гөрі, айыппұл төлеу тиімдірек. Ілеспе заң жобасының аясында қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл 10 есе артады. Қайта бұзылған жағдайда – 20 есе көбейеді», - деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.

Оның сөзіне қарағанда, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін санкцияларды қатаңдату көзделуде.

«Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ержені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі талаптарды бұзушылық жасалған күннен бастап 1 жылдан 3 жылға дейін артады. Барлығын қамту және зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу мақсатында тексеру мерзімі қажет болған жағдайда қосымша 10 күнге артуы мүмкін», - деді Мырзағалиев.