08 қаң, 2020 сағат 09:57

Экологтар Аустралиядағы өрттен 1,25 миллиард жануар қырылғанын анықтады

Аустралиядағы 8,4 миллион га жерді шарпыған өрт 1,25 миллиард жануардың өмірін жалмаған. Бұл туралы Әлемдік тылсым табиғат қорының (WWF) жергілікті бөлімі хабарлады, деп жазады massaget.kz порталы.

Аустралиядағы коала, кенгуру, қалталы ұшар, потору, какаду сынды жануарлар табиғи апат құрбаны болған.

Ғалымдардың айтуынша, ормандардың қайта қалпына келуі үшін бірнеше онжылдық керек. Ал кейбір жануарлар жойылып кету алдында тұр.

Өрт толық біткен соң, жергілікті қор жануарлардың "үйін" қайта қалпына келтіруге, "2030 жылға қарай екі миллиард ағаш өсіру" жоспарына көмектесетінін жеткізді. 

Еске салайық, былтыр қыркүйек айында Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы орманда басталған өрт салдарынан елде төтенше жағдай орнады. Өрт түтінінен мемлекеттік мекемелер, музейлер жабылып жатыр. 

Өртке шамадан жоғары ауа температурасы себеп болған. Ол биыл рекордтық 42,9°С-ге жетті.