04 шіл, 2017 сағат 11:26

Қызылорда облысының әкімі Еламан Ерғалиевке екі бөлмелі пәтер сыйлады

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президентінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен VII «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиевпен кездесті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Төл спортымызды түлету біздің облысымыздан бастау алғаны - біз үшін үлкен абырой. 2011 жылы алғашқы «Қазақстан барысы» титулын иеленген Ұлан Рысқұл болса, Руслан Әбдіразақов күміс және қола жүлделерді иеленді. Олардың жеңісті жолын 22 жастағы батырымыз Еламан Ерғалиев жалғастырып отыр. Осы спортшылардың биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетуіне үлес қосқан жаттықтырушысы Садық Мұстафаевтың және Әділбек Серікбаевтың да еңбегі зор деп атап өткім келеді», - деді облыс әкімі.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан барысы» жеңімпазына екі бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.  

Өз кезегінде Еламан Ерғалиев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін үшін алғысын білдіріп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Оның мақсаты - олимпиада медалін жеңіп алу.

«Боз кілемдегі белдесуде ойымда тек туған жерім мен жерлестеріме жеңіс сыйлау тұрды», - деді Еламан Ерғалиев.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен VII «Қазақстан барысы» турниріне барлығы 34 спортшы қатысты. Айтулы додада сәуір айында әскерилер арасында өткен «Әскер барысы» жарысында жеңімпаз атанған Еламан Ерғалиев топ жарды.

Айта кетейік, Еламан Ерғалиев 1995 жылы 25 мамырда Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Дзюдомен 9 жасынан бастап айналысады. ҚР Спорт шебері, дзюдо және қазақ күресі бойынша бірнеше мәрте жеңімпаз атанған, дзюдодан жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Қытай, Хайнань қ. 2013 ж.), дзюдодан IV Ислам ынтымақтастығы ойындарының қола жүлдегері (Әзербайжан, Баку қ. 2017 ж.).