10 қаң, 2020 сағат 12:00

Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің финалына шықты

Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы аптадағы табысы арқасында Қазақстанның бірінші ракеткасы атанып үлгерген Е.Рыбакина жартылай финалда рейтингте 66-орында тұрған чехиялық Кристина Плишковамен кездесті.

Ойын тізгінін бірден қолға алған қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:2 есебімен басым түсті.

Екінші сетте есеп 6:5 болған мезетте Елена матчты брейкпен түйіндеді – 7:5.

Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.

Е.Рыбакина жүлде қоры 775 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында әлемнің 35-інші, осы турнирдің 5-ракеткасы, бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Александровамен бас жүлдені сарапқа салады. Ол жартылай финалда испаниялық Гарбинье Мугурусаны 6:4, 6:3 есебімен сүріндірді. Испаниялық спортшы ширек финалда қазақстандық Зарина Диясты жеңіп кеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Шэньчжэнь турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.