07 қыр, 2016 сағат 12:28

Елімізде Сырым Датұлының 275 жылдығы аталып өтіледі

"Батыс Қазақстандағы тарихи өңірдің бірі - Сырым ауданында Сырым Датұлының 275 жылдығына және Алашорданың 100 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Қазақстанның өткені сырлы, болашағы нұрлы» деген тақырыпта облыс тарихшылары бас қосқан дөңгелек үстел отырысында аудан әкімі Абат Шыныбеков мәлім етті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, алдағы жылы қол бастаған батыр, көсем әрі шешен Сырым Датұлының 275 жылдығы кеңінен аталып өтілмекші. Сонымен қатар Алашорданың 100 жылдығына байланысты шаралар ұйымдастырылады. Алашорданың Батыс бөлімі қазіргі Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында орын тепкені, оны Алаш арыстары, ел «екі дос» деп атап кеткен Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер басқарғаны белгілі. Осыған орай тарихшылармен, зиялы қауым өкілдерімен алдын ала кездесіп, алдағы шаралар жөнінде ақылдасып алу қажеттігі туындап отыр.

Жиын барысында өлкетанушы Жайсаң Ақбай, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин және басқалар сөз алып, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.

Айта кетейік, ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Сырым ауданының Орал қаласындағы мәдениет күндері осы Қадыр орталығындағы «Тәуелсіздікке тарту» атты көрмемен ашылды. Онда аудан суретшілері мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды. Көрменің ашылу рәсімінде белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева өнерлі елдің өрендеріне табыс тіледі. Ауданнан келген өнерпаздар ән шырқап, күй күмбірлетті.

Қала күні аясында Сырым ауданының өкілдері «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының эстафетасын қалалықтарға салтанатты жағдайда табыс етпекші.

 

null null null null null null