Бүгіннен бастап елімізде «Назар аударыңыз - балалар!» іс-шарасы басталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
«Балалардың жолдағы қауіпсіздігі - маңызды және өзекті тақырып. Өкінішке қарай, республикадағы әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалады. Жыл басынан бері осындай жол-көлік оқиғаларынан 90 бала қаза тауып, 1 860 бала жарақат алды. Пандемия және халықты әлеуметтік оқшаулау кезеңінде, оқушылардың көпшілігі қашықтан оқыту форматқа көшірілген кезде, жас ұрпақ арасында білім беру және құқықтық түсіндіру жұмысының көлемі де төмендеді. Осыған байланысты 23 тамыздан бастап оқу жылының басталуы қарсаңында Ішкі істер министрлігі «Назар аударыңыз - балалар!» іс-шарасын ұйымдастыруда», - деді Нұрділдә Ораз.
Ресми өкілдің айтуынша, аталған іс-шара 2 кезеңнен, нақты айтқанда дайындық және негізгі кезеңнен тұрады.
«Дайындық кезеңі аясында: білім беру мекемелерінің аумағына іргелес жерлерде көше-жол желісінің және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарының жай-күйін зерттеу; ата-аналармен және мұғалімдермен жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында профилактикалық сабақ, дәріс өткізу жоспарланған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, негізгі кезең балалармен тікелей жүргізіледі. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға бағытталған іс-шараларды қамтиды.
«Бұдан басқа, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу орындарына іргелес жерлерде полиция жасағы ұлғайтылады. Балалардың жолдардағы қауіпсіздігі көп жағдайда ата-аналарға байланысты екенін атап өткен жөн. Жол ережесін сақтаңыз және балаларды қорғаңыз!», - деді Нұрділдә Ораз.
