Фото: Үкімет
Қазақстанның машина жасау саласы биыл 149 мың автокөлік шығарып, өндіріс көлемін 5%-ға арттырады деп күтілуде, деп хабарлайды Ult.kz.
2024 жылы 134 мың бірлік автокөлік өндірілген болатын. Өсімге Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының жұмысы ықпал етті. Бұл кәсіпорында Chery, Haval және Changan маркаларының көліктері құрастырылады. Жобаға 202 млрд теңге инвестиция салынып, жылына 120 мың автокөлік өндіру және 3,6 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Сонымен қатар, Қостанайда жылына 70 мың автокөлік шығаратын Kia Қазақстан зауытының құрылысы жалғасуда. Зауытқа құйылған инвестиция көлемі 90 млрд теңгені құраса, жұмысшылар саны 1,5 мыңға жетпек. Бұл жоба өңірдің автомобиль жасау орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған.
Алматының индустриалды аймағында Almaty Autoparts Production кәсіпорны іске қосылып, жылына 100 мыңға дейін автокресло өндіруді бастады. Өнімдер Hyundai маркалы көліктеріне арналған және болашақта жаңа кәсіпорындарға жеткізіледі.
Мемлекет машина жасау саласын қолдау мақсатында инвестициялық кластерлерді дамыту жұмыстарын жүргізуде. 2023 жылы салаға 115 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 282 млрд теңгеге жетті. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 55 млрд теңге инвестиция салынды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында республикалық бюджеттен 1,4 трлн теңге және бюджеттен тыс көздерден 1,3 трлн теңге қаржыландыру қарастырылған. Бұл жоспар отандық автоөнеркәсіптің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.