Фото: ашық дереккөз
Еуропалық Одақтың Украина бойынша бейбіт жоспарының толық мәтіні жарияланды. Құжат бүгін Женевада аяқталған Вашингтон мен Киев арасындағы бейбіт келіссөздерді үйлестіру жөніндегі кездесумен тұспа-тұс шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Британдық The Telegraph газеті АҚШ президенті Дональд Трамптың ұсынысына жауап ретінде дайындалған ЕО-ның 24 тармақтан тұратын бейбіт жоспарын жариялады.
ЕО Ресей мен Украинаны құрлықта, әуеде және теңізде атысты толық тоқтатуға және бұл режимнің орындалуын бақылау үшін үшінші елдерді тартуға шақырады. Бақылау процесін АҚШ жетекшілігіндегі Украина одақтастары қашықтан — спутниктер мен дрондар арқылы жүргізуі ұсынылған.
Жоспарда Мәскеу мен Киевке тұтқындарды “бәрін бәріне” қағидасы бойынша толық айырбастау, сондай-ақ Ресейдің қамауда отырған барлық бейбіт тұрғындарды босатуы қажет екені көрсетілген.
Территориялық мәселелер бойынша келіссөздер тек атысты толық тоқтатқаннан кейін және қазіргі соғыс шебі бойымен жүргізіледі.
Құжатта Украинаға АҚШ-ты да қамтитын, НАТО Жарғысының 5-бабына ұқсас заңдық тұрғыда бекітілген қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылған. Бұл кепілдіктерді Еуропаның бірнеше елі және мүдделі мемлекеттерден тұратын арнайы топ қамтамасыз етеді. Украина одақтас күштерді өз аумағында орналастыру құқығына ие болады.
Сонымен қатар, жоспар Украинаға:
-
ЕО-ға мүше болу,
-
НАТО-ға кіру — альянс елдерінің толық келісімі болған жағдайда,
-
АҚШ-тың қатысуымен Запорожье АЭС және Каховка СЭС нысандарын бақылауына қайтару мүмкіндігін береді. Бұл үшін арнайы бақылауды беру механизмі жасалады.
ЕО жоспары Украинаға толық қалпына келтіру және қаржылай өтемақы беруді көздейді, оның ішінде Ресей активтері есебінен. Мұздатылған активтер Ресей келтірген зиян толық өтелгенге дейін босатылмайды.
Сонымен бірге, Ресейге салынған санкциялар тұрақты бейбітшілік орнағаннан кейін біртіндеп жеңілдетілуі, ал келісім бұзылған жағдайда қайта енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Трамптың Украина жөніндегі жоспарын қолдады.
