06 ақп, 2026 сағат 12:46

Ерлан Қарин: қолданыстағы Ата заңның кейбір тұстарын бірнеше рет қайталап оқысаңыз да түсініксіз

Фото: t.me/consot_kz
Конституциялық комиссия мүшесі, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның не үшін қажет екенін түсіндіріп, ескі Ата Заңдағы түсініксіз, күрделі нормалар қоғамға қиындық тудырып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция мазмұны мен тілі жағынан барша азаматқа ұғынықты болуы тиіс. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

"Әр отырыста Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде сіздермен қатар ортаға шығып, реформаға қатысты сөз сөйлеп жүрмін. Себебі, бірлесіп бастаған жұмысты соңына дейін жеткізіп, дайындалған Конституцияның жаңа жобасының негізгі ұстанымдарын жан-жақты түсіндіруіміз қажет. Сіздермен қатар маған да азаматтардан реформаға қатысты түрлі хаттар, пікірлер келіп түсіп жатады. Негізінен, жаңа Конституцияның қажеттілігін, маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдап жатыр. Ол, әрине, қуантады. Сондықтан оң пікір білдіріп, қолдау көрсеткен барша азаматқа Конституциялық комиссия атынан алғыс айтамын. Әрине, басқадай пікір айтушылар да бар. Мысалы, арасында «Жаңа Конституцияны қабылдаудың қандай қажеті бар еді?» немесе «Ескі Ата Заң қала берсін!» деген пікірлер де кездесіп қалады", — деді Ерлан Қарин.


Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық комиссия қоғаммен тұрақты кері байланыс орнатып, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп келе жатқанын айтты. Ол 1995 жылғы қолданыстағы Конституциядағы бірқатар нормалардың тілі күрделі әрі түсініксіз екенін атап өтіп, мысал ретінде 13-баптағы тармақты келтірді. Қариннің айтуынша, осындай ұғынықсыз тұстар көптеген баптарда кездеседі. Ал жаңа Конституция мазмұны, тілі және ұстанымы жағынан айқын әрі барша азаматқа түсінікті болады.

"Осындай ұстанымды қалыптастырғаннан кейін, бүгін де бірқатар пікірге жалпы жауап берейін деп едім. Алдымен, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берейін. Мысалы, қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы». Осыдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз.
Мен қазіргі ескі Конституциядан бір ғана мысал келтіріп отырмын. 
Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді көптеген бап пен тармақтардан кездестіруге болады. Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алатын болады", — деді Мемлекеттік кеңесші.