08 ақп, 2025 сағат 20:43

Ерлан Саиров ҚҚС туралы: «Халықтың мұң-мүддесі тұрғысынан қарастыратын боламыз»

Фото: elorda.info
Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Ол Үкімет ұсынған мөлшерлеме тым жоғары екенін айтып, қоғам арасында бұл дүрбелең туғызып жатыр деді. 


«Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек», - деп тапсырды Президент.


Ult.kz тілшісінің сұрағына жауап берген Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзінше бюджет саласының проблемасы бар екені анық, өйткені ішкі жалпы өнім өсіп жатқанымен экономиканың әлеуеті Қазақстанның бюджетін қалыптастыруға қазір шамасы жетпей жатыр. Сондықтан депутат бұл мәселенің бірнеше себептерін атады:

«Бірінші себебі, бізде үлкен бизнес өте көп преференциялармен пайдаланылады. Екінші, банк жүйесі де көп пайда тапқанымен, салықты аз төлейді, сондықтан Президент нақты тапсырма берді. Өйткені қосымша құн салығы халықтың жаппай төлейтін салығы болып тадылады. Сондықтан көптеген мемлекеттерде бұл қосымша құн салығын «кедейлерге салынатын салық» деп атайды. Яғни бұл салық Қазақстанның басым көпшілігінің әлеуметтік деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан ҚҚС қалыптастырған кезде бізде үлкен дифференциация болуы керек. Бұл мәселені депутаттар да айтқан. Президент Тоқаев естуге қабілетті мемлекет концепциясы аясында біздің депутаттардың айтқан және қоғамның айтқанын қабылдады. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Және Тоқаев Үкіметке депутаттармен жұмыс істеуге тапсырма берді. Біз осы өзгертулер келген кезде басым халықтың мұң-мүддесі тұрғысынан қарастыратын боламыз. Салық жүйесі ішінде бюджетті толтырудың потенциалы көп. Оны біз өзіміз де дайындап жатырмыз. Ол бойынша Ult.kz-ті хабардар қылуға дайынбыз», -дейді Е. Сайров.


Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2025 жылғы 6 ақпанда Сенат отырысында ҚҚС-ты қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру жоспары туралы айтқан болатын.

Оқи отырыңыз: Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары – Тоқаев