26 ақп, 2026 сағат 20:44

"Есірткі құралдарын өткізумен айналысатын тұлғалармен байланыс орнатқан" — Тшановтың жиеніне қатысты АФМ департаменті жауап берді


Фото: Sputnik / Тимур Батыршин
Polites News Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың жиені Тайландтан "есірткі трафигін ұйымдастырды" деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

БАҚ өкілдері жолдаған сауалға Алматы қаласы бойынша АФМ департаменті жауап берді. Онда Жамалбек Бақдәулет Еркінбекұлына қатысты аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын — каннабис сығындысын заңсыз иемдену және сақтау фактісі бойынша тергеу жүргізілгені айтылған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылғы тамыз айында күдікті интернет-ресурстар арқылы шет мемлекет аумағында есірткі құралдарын өткізумен айналысатын тұлғалармен байланыс орнатқан. Аталған заттар Тайланд Корольдігінен халықаралық пошта жөнелтілімі арқылы жіберілген. Өзінің қатыстылығын жасыру мақсатында ол кәсіпкерлік қызмет шеңберінде бұрын алынған үшінші тұлғалардың дербес деректерін пайдаланған.

"2025 жылғы қыркүйек айында күдікті «Қазпошта» АҚ арқылы курьерлік жеткізуді рәсімдеп, пошта жөнелтілімін алуға әрекет жасаған, алайда Алматы қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің жанында жөнелтілімді алу кезінде Департамент қызметкерлері тарапынан ұсталды.

Оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу әлі жүріп жатыр", делінген хабарламада.

Дегенмен ол адамның бұрынғы әкімге туыс екені нақты айтылмаған.