12 ақп, 2024 сағат 12:52

Еуразиялық даму банкі Қазақстанда суды есепке алуды цифрландыруға 400 млн доллар бөледі

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана

Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Ммемлекет басшысына банк жұмысының нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде есеп берді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Ақордаға сілтеме жасап.

Президент принял председателя правления Евразийского банка развития Николая Подгузова

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана

Подгузовтың айтуынша, Еуразиялық даму банкінің Қазақстан экономикасына салатын жыл сайынғы инвестициясы екі жыл қатарынан 1 миллиард доллардан асып отыр.

Банктің 2022-2023 жылдардағы инвестициясының жылдық көлемінің жалпы сомасы 4,2 миллиард долларды құраған. Бұл стратегияда бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған жоспардан шамамен 1,5 есе көп. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 59 пайызды құрады.

Қазақстандағы әлеуетті жобаларға бөлу үшін банктің 2024 жылға қарастырып отырған қаржы көлемі 3,5 миллиард доллардан асады. Инвестицияны, ең алдымен, көлік инфрақұрылымы, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және су ресурстары сияқты стратегиялық маңызды салаларға салу жоспарланып отыр.

Николай Подгузовтың айтуынша, биыл банк Қазақстанның қаржы нарығын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың жаңа құралдарын енгізу ісіне атсалысуға ниетті.

Сонымен қатар Еуразиялық даму банкі төрағасы мемлекет басшысына Орталық Азияның су-энергетика саласына жасалған зерттеу нәтижелерін таныстырды. Банк Қазақстанның су ресурстарын тиімді пайдаланатын елдердің көшбасшысы ретінде қалыптасуына ықпал етуге ниетті. Сондай-ақ суды үнемдейтін және энергетикалық тұрғыдан тиімді технологиялар бойынша аймақтық сараптама орталықтарын дамыту үшін 10 миллион долларға дейін гранттық қаржы бөлуге дайын. Бұған қоса, суды есепке алудың цифрлық технологияларын, суармалы жерлерге толықтай лазерлік жоспарлау тәсілін енгізуге және заманауи ирригациялық құрал-жабдықтар өндіретін өңірлік өндірістік-сервистік кластер құруға бағытталған жобаларға 400 миллион долларға дейін қаржы бөлмек.

Мемлекет басшысы биыл жазда Алматы қаласында Еуразиялық даму банкінің жылдық қорытынды жиналысын және іскерлік форумын ұйымдастыру мәселесін құптайтынын жеткізді. Аталған форумның күн тәртібінде Орталық Азияның су-энергетика кешеніне, көлік жүйесі құрылымы мен қаржы құралдарын дамытуға қатысты мәселелер қамтылады. Сонымен қатар Тоқаев елімізде банк қолдау білдірген инфрақұрылымдық жобалардың маңызды екенін айтты.