02 ақп, 2020 сағат 07:45

Галышева мен Рейхерд могулдан әлем кубогы кезеңінің жүлдегері атанды

Қазақстандықтар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Калгарида (Канада) фристайл-могулдан өткен әлем кубогы кезеңінің жүлдегері атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағанындай, 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ю.Галышева күміс, Д.Рейхерд қола медальға ие болды.

Юлия алты финалистің қатарына үздік нәтижемен өтті. Өткен жылғы әлем чемпионы жарыстың шешуші бөлігінде 80,69 балл жинап, екінші орынға көтерілді. Франциялық Перрин Лаффан (81,22 балл) чемпион атанса, канадалық Жюстин Дюфор-Лапуант (79,94 балл) үздік үштікті түйіндеді.

Д.Рейхерд бастапқыда бесінші нәтиже көрсетті. Дегемен финалда ол өз көрсеткішін жақсартып, 84,19 балмен үшінші орынға ілікті. Канадалық Микаэль Кингсбери (89,09 балл) алтын, швециялық Уолтер Уолберг (85,10) күміс жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, өткен жылы Калгарида Ю.Галышева жеңімпаз атанған болатын. Ал Д.Рейхерд үшін бұл – биылғы маусымдағы алғашқы жүлде.

Канадада осылайша әлем кубогының төртінші кезеңі мәреге жетті. Биыл әлем кубогының бір кезеңі Алматыдағы Шымбұлақта да өтеді.