18 қаз, 2016 сағат 13:18

Ғасыр куәгері Хабиба Елебекова дүние салды

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Қарақбайқызы Елебекова 100 жасында дүние салды.

Елебекова Хабиба Қарақбайқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері.

1916 ж. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Томар ауылында  дүниеге келген.

1934-35 ж ж. Қарқаралы халық театрында қызмет істеген.

1935-37 ж ж. М. Әуезов атындағы драма театр  жанындағы екі жылдық студияны бітірген.

1935 ж. бері М. Әуезов театрында үзіліссіз қызмет етеді. Сахнаға ұлттық театрдың іргетасын қалаған, атақты «самородок сары алтын» буынының ізін баса келген Х. Елебекованы бүгін де сол буынның  соңғы тұяғы деуге болады.

Белгілі  актриса 1935 жылғы алғашқы қадамы – қазақтың алғашқы кәсіби театр режиссері Ж. Шаниннің өзі жазып, өзі қойған «Арқалық батыр» тарихи драмасындағы» Қаракөзден бастап,  қара шаңырақ театрда ұлттық құнары мықты көптеген роль жасады.

Сахнадағы рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: «Арқалық батыр» тарихи драмасында Қаракөз, М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Күнікей, «Абайында» Қаныкей, Ұлжан, Б.Майлиннің «Майданында» Мамық, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Мақпал, Ш. Құсайыновтың «Марабайында» Мәрияш, «Амангелдіде» Ақжан, Қ. Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Айғаным, А. Тасымбеков пен Қ.Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Тұтқын, А. Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Кемпір, Иран-Ғайыптың» «Естайдың Қорланында» Айнаш т.б.

Әлемдік драматургияда: Г. Лорканың «Бернарда Альбаның үйінде» Понсия, Островскийдің «Найзағайында» Кезбе әйел, «Таланттар мен табынушыларында» Д. Андреевна, Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина, «Вьетнам жұлдызында» Тхань, М. Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел т.б.

Х. Елебекова біраз көркем және деректі фильмдерге түсті. Олардың ішінде әйгілі режиссер С. Қожықовтың «Егер біздің әрқайсымыз…» (1961), сондай-ақ, актриса түскен ең соңғы фильм Д. Жолжақсыновтың «Біржан салын» (2009) атауға болады.

Х. Елебекова өзінің өмір-өнер серігі Ж. Елебеков және ХХ ғасырдағы қазақ өнері туралы «Үні кетпес құлақтан» (1981) кітабын жазды, бұл еңбегі толықтырылып «Ән-аманат» (1984) «Қайран, Жүсекем» (1998) деген атаулармен қайта басылды. Ұлттық өнер тарихын жақсы білетін актриса біраз әннің, мысалы, Абайдың «Сегіз аяғы», т.б. өз түпнұсқасында жетуіне үлкен еңбек сіңірді. Құймақұлақ деуге болатын Хабиба апа көп жырларды, мысалы, Мағжан Жұмабаевтың жырларын түгелдей дерлік жатқа  оқитын өнері  бар. 

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1976), ҚР Мәдениет министрлігінің  «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталды (2012).

«Хабиба Елебекова» атты кітап (жоба авторы Ә. Бөпежанова) «Әйгілі адамдар» сериясымен «Өнер» баспасында жарық көрді (2012).

Марқұммен қоштасу қашан және қай күні өтетіні әзірге белгіленбеген.