13 мам, 2022 сағат 20:24

Гүлмира Сатыбалдыны қамау мерзімі бір айға ұзарды


Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыны қамау мерзімі бір айға ұзарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"2022 жылғы 13 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Г. Сатыбалдыға қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 ай мерзімге ұзартты", - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Бүгін Қайрат Сатыбалдыұлы мен Қайрат Боранбаевтың да қамау мерзімі бір айға ұзарғаны хабарланды.

Айта кетейік, Сатыбалдыұлының ұсталғаны 13 наурызда белгілі болған. Ол "Қазақтелеком" АҚ-да лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және компания қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен қамауға алынған еді.

Кейінірек Гүлмира Сатыбалды да тұтқындалып, бизнесті рейдерлік басып алуға, сондай-ақ 747 миллион теңге жымқыруға қатысы бар деген күдікке ілінген.