Фото: Жоғарғы аудиторлық палата
Жоғары аудиторлық палата ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Аудит қорытындысы Палата отырысында талқыланып, оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысты.
Аудиторлардың мәліметінше, қаржыландыру көлемі 219 млрд теңгеге дейін өскеніне қарамастан, ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығындар азайып отыр. Қолданбалы ғылыми әзірлемелерді енгізу баяу жүріп, оларды экономиканың нақты секторының сұранысына бейімдеу жеткіліксіз.
Сонымен қатар стратегиялық жоспарлауда олқылықтар бар екені, Ғылым комитеті мен мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимылдың әлсіздігі байқалды. Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысына қатысты да сын айтылды: бірқатар мүшелердің бір мезгілде бірнеше жобаны қаржыландыруға қатысқаны мүдделер қақтығысын туындататыны атап өтілді.
Аудит барысында:
-
1,7 млрд теңге қаржылық бұзушылық,
-
24,2 млрд теңге тиімсіз жоспарлау,
-
42,5 млрд теңге тиімсіз пайдалану фактілері анықталды.
Сондай-ақ, ғылыми конкурстарды 500 күннен артық кешіктіріп жариялау, жобаларды тиісті бақылаудың жоқтығы, технопарктер мен инжинирингтік орталықтарды ашуда қаражатты мақсатсыз жұмсау фактілері тіркелді.
Материалдардың бір бөлігі құқық қорғау органдарына жолданады. Үкіметке, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және басқа да мекемелерге жүйелі кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар берілді.
