02 сәу, 2026 сағат 11:20

ІІМ ескертеді: Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі таралуда

Фото: Polisia.kz

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа тәсілі кеңінен таралып жатыр. Қаскүнемдер өздерін ірі компаниялардың, мемлекеттік органдардың немесе жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырып, азаматтарды алдауға көшкен, деп хабарлайды Ult.kz.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар жалған аккаунттар мен телефон нөмірлерін пайдаланып, қызметкерлерге қоңырау шалады немесе мессенджерлер арқылы хабарласады. Олар деректердің таралуы немесе қаржының ұрлану қаупін сылтауратып, жағдайды әдейі ушықтырып көрсетеді. Сонымен қатар жедел әрекет етуді талап етіп, психологиялық қысым жасайды.

Осыдан кейін азаматтарға “мамандар” немесе “құқық қорғау органдарының қызметкерлері” хабарласатыны айтылып, олардың нұсқауларын қатаң орындау талап етіледі. Нәтижесінде адамдарды ақшасын шешіп алып, оны “қауіпсіз шоттарға” аударуға көндіреді. Қаражат қолға түскен соң, алаяқтар бірден байланысқа шықпай қалады.

Қаскүнемдер заманауи технологияларды да белсенді қолданады. Атап айтқанда, нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты тәсілдер арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, қырағылығын төмендетуге тырысады.

ІІМ ескертеді: банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді. Азаматтарға бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамау, барлық ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру және күмәнді жағдай туындаса, бірден құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.