Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Таяу Шығыс тағы да аласапыран күйге түсті. 2026 жылдың ақпан айының соңында Израиль мен Иран арасындағы ұзақ жылдар бойы жиналған қайшылық ашық әскери қақтығысқа ұласты. Бұл бір күндік эмоциядан туған соғыс емес, ондаған жыл бойы қордаланған геосаяси сенімсіздік пен стратегиялық текетірестің заңды жалғасы. Осы орайда Ult.kz тілшісі «кім кінәлі?» деген сауалдың емес, «Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді?» деген сауалдың жауабын іздеп көрді.
Қайшылықтың түп-тамыры
1979 жылғы Ирандағы ислам революциясынан кейін Тегеран Тель-Авивпен барлық ресми байланысты үзді. Содан бері екі ел бірін-бірі ашық қарсылас ретінде қабылдап келеді. Израиль Иранның ядролық бағдарламасын өзінің ұлттық қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер деп есептейді. Ал Иран Израильді аймақтағы «Батыстың тірегі» ретінде көреді.
Соңғы жылдары бұл текетірес тікелей соғыссыз, бірақ тұрақты түрде жалғасып келді. Сириядағы жанама қақтығыстар, кибершабуылдар, барлау операциялары, прокси-күштер арқылы қысым. Ливандағы Хезболла секілді құрылымдар да осы геосаяси шахматтың фигурасына айналды.
2026 жылғы ақпан соңы осы «көлеңкелі соғыстың» ашық кезеңге өту нүктесі болды.
Таяу Шығыс – әлемдік энергетиканың күретамыры. Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының тұрақтылығы әлем экономикасының тынысы. Қақтығыс ушыға берсе, мұнай бағасы өседі. Ал мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына екіжақты әсер етеді. Бір жағынан кіріс көбейеді, екінші жағынан әлемдік инфляция мен нарық тұрақсыздығы күшейеді. Яғни, қысқа мерзімде пайда болғандай көрінген өсім ұзақ мерзімде экономикалық турбуленттілікке айналуы мүмкін.
Сонымен қатар бұл жанжал ірі державалардың мүддесін тоғыстырады. АҚШ-тың Израильге қолдауы, Иранның Ресей және Қытаймен байланысы аймақтық соғысты үлкен геосаяси текетіреске айналдыру қаупін арттырады. Бұл жаңа «қырғи-қабақ соғыстың» Таяу Шығыстағы нұсқасы деуге болады.
Қақтығыс кімдердің арасында?
Израиль және АҚШ: Израиль мен АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы мен әскери инфрақұрылымына әуе және ракета шабуылдарын жүргізіп жатыр. Бұл әрекет «алдын ала қорғаныс» деп аталғанымен, салдары – аймақтық шиеленіс пен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер.
Иран: Өз аумағын қорғап қана қоймай, Персид шығанағы елдеріне зымырандар мен дрондар арқылы жауап қайтаруда. Қақтығыс енді тек екі елдің арасына ғана шектелмей, бүкіл өңірге таралуда.
Хезболла (Ливан): Иранның одақтасы Израиль шекарасына зымырандар жіберіп, қақтығыстың аймақтық сипатқа ауысуына себепкер болды.
Персид шығанағы елдері: ОАЭ, Сауд Арабиясы, Бахрейн сияқты мемлекеттер дипломатиялық қысым жасап, қауіпсіздік шараларын күшейтуде.
Жалпы қақтығыс бүгінде жартылай ашық соғыс деп бағаланып отыр. Әскери әрекеттер белсенді, бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Ливан мен Персид шығанағы елдері қақтығысқа тартылып, шиеленіс өсіп, мұнай тасымалы мен бағасының тұрақсыздығы әлемдік нарыққа, соның ішінде Қазақстанға да әсер етеді.
28 ақпан түнде Пентагон «Эпикалық қаһар» деп аталған әскери операцияны Иранға бағыттады. Келесі күні Израиль билігі Иранның жоғары жетекшісі аятолла Әли Хаменеидің қаза тапқаны туралы хабар таратты. Бұл ақпаратты АҚШ бұрынғы президенті Дональд Трамп та растады. Дегенмен Иран билігі алғашында бұл хабарды жоққа шығарып, Хаменеидің денсаулығы мен көңіл күйінің жақсы екенін хабарлады. Тек жексенбі таңында Иранның мемлекеттік ақпарат агенттігі IRNA аятолла Хаменеидің отбасы мүшелерімен бірге қаза тапқанын хабарлады. Аятолланың қазасына байланысты елде 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланып, жеті күндік мемлекеттік демалыс белгіленді. Жергілікті БАҚ Хаменеидің 28 ақпан күні зымыран шабуылынан қаза тапқанын жазды.
Сенбі күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа ықтимал қатерлерге дайындық шараларын әзірлеуді тапсырды. Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдегендей, барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді, ал Сыртқы істер министрлігі жетекшілік ететін арнайы мониторинг тобы іске кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыстағы жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды.
1 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт басшыларына хат жолдап, осынау қиын кезеңде шынайы қолдау мен тілектестігін білдірді. Ресми ақпаратта Мемлекет басшысы достас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне бағытталған барлық әскери әрекеттерді айыптайтыны атап өтілді.
Сондай-ақ Президент Таяу Шығыстағы ахуалды жіті бақылап отыр. Айбек Смадияровтың «Telegram» арнасындағы хабарына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдаллаға хат жолдап, бауырлас иордан халқына қолдау білдірді. Кеше Президент Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы жағдайды талқылады. Сондай-ақ БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен де телефон арқылы сөйлесіп, елдің басшылығына және халқына шынайы құрметін, қолдау мен тілектестігін жеткізді. Президент Қарулы қақтығыс барысында БАӘ азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне алаңдаушылық білдірді.
Қазақстанның ұстанымы
Қазақстан дәстүрлі түрде бейтарап, теңгерімді сыртқы саясат ұстанып келеді. Бұл жолы да ресми Астана қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырды.
Қазақстан үшін басты міндет эмоцияға ермеу, бір тарапқа ашық бет бұрмау және халықаралық құқық қағидаларын негізге алу. Өйткені біздің елдің сыртқы саясаты көпвекторлы. Иранмен де, Израильмен де, Батыс елдерімен де қарым-қатынас бар. Екінші мәселе, экономикалық қауіпсіздік. Мұнай бағасының құбылуы, тасымал жолдарының өзгеруі, санкциялық қысымдардың кеңеюі, мұның бәрі Қазақстан үшін стратегиялық фактор.
Үшінші мәселе, азаматтардың қауіпсіздігі. Аймақта жүрген қазақстандықтардың жағдайы мемлекет назарында болуы тиіс.
Осы орайда, «Қазаққа сабақ бар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал бұл қақтығыс бірнеше маңызды ой салады. Біріншіден, ядролық фактор – ХХІ ғасырда да басты қауіп. Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде бейбітшілік бастамаларын алға жылжытуы керек. Екіншіден, аймақтық тұрақсыздық жаһандық дағдарысқа тез айналады. Демек, ұлттық қауіпсіздік тек шекарамен өлшенбейді. Ол – экономика, энергетика, логистика, дипломатия арқылы қорғалады. Үшіншіден, геосаяси дауыл кезінде салқынқанды саясат қана елді аман алып қалады. Эмоциялық ұран емес, есеп пен сабыр керек.
Иран-Израиль текетіресі бүгінгі әлемнің қаншалықты нәзік тепе-теңдік үстінде тұрғанын көрсететін кезекті дәлелі болды. Бір ұшқын бүкіл аймақты шарпуы мүмкін. Қазақстан үшін басты мақсат – соғысқа баға беру емес, соғыстың салдарын есептеу. Таяу Шығыстағы өрттің шоғы алыста көрінгенімен, оның жылуы мен ызғары бізге де сезіледі. Ал Қазақстан сияқты орта державалар үшін ең маңыздысы, көпвекторлы саясатты сақтап, бейбіт бастамалар арқылы халықаралық сенімді нығайту.
Таяу Шығыста тағы да оқ-дәрінің иісі шығып тұр. Бірақ тарих көрсеткендей, соғыс бастау оңай, тоқтату қиын. Егер дипломатия жеңбесе, әлем тағы бір ұзақ дағдарыс кезеңіне енуі мүмкін.
