13 мау, 2025 сағат 12:06

Израиль Иранның ядролық нысандарына алдын ала соққы жасады

Фото: видеодан скриншот

Кеше түнде ондаған израильдік жойғыш ұшақ Иран аумағындағы әскери нысандарға, соның ішінде ядролық нысандарға алдын ала әуе соққыларын жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

"Көп жылдан бері Иран Израильге қарсы лаңкестікті тікелей және жанама түрде қолдап келді – бүкіл Таяу Шығыс аумағында өз өкілдері арқылы терактілер ұйымдастырып, сол уақытта ядролық қару жасау жолында да ілгеріледі. Осы соғыстың басынан бері Израильге қарсы жасалған барлық терактілерге Иран режимі тікелей жауапты", – делінген Израиль армиясының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.


Соққылардан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "Көтерілген арыстан" операциясы басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл операция "ирандық қауіп толық жойылғанша" жалғасады.

Иран және Батыс БАҚ-тарының хабарлауынша, соққы нәтижесінде Иранның жоғары шенді қолбасшылары мен ядролық бағдарламамен айналысқан ғалымдары қаза тапқан.

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Израиль "қатаң жаза" күтуі керегін мәлімдеді.

"Сионистік режим бүгін таң ата біздің сүйікті елімізге қарсы қылмыс жасау үшін өзінің лас және қанды қолын созып, тұрғын аудандарды атқылау арқылы бұрын-соңды болмаған жауыз табиғатын көрсетті. Бұл режим қатаң жазаны күтуі керек", – делінген Израиль соққысынан кейін Иран басшысы Хаменеи жолдаған мәлімдемеде.


Хаменеи сонымен қатар Израиль шабуылы кезінде бірнеше қолбасшы мен ғалым қаза тапқанын растады. "Олардың орнын бірден басатындар бар және олар бұл миссияны дереу жалғастырады", – деп атап өтті ол.