Фото: aa.com.tr
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындау туралы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
"Бұдан 75 жылдан астам уақыт бұрын біз Израиль мемлекетін еврей халқының отаны ретінде мойындадық. Бүгін біз Палестинаны да мойындаған 150-ден астам елдің қатарына қосылып отырмыз. Бұл – палестиналық және израильдік халыққа жақсы болашақ болатынына берілген уәде", – деді Стармер.
Стармер бұл қадамды "ХАМАС-қа берілген сыйлық емес" деп атап өтті. Өйткені ұйымның "ешқандай болашағы жоқ, үкіметке қатыспайды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де қатыспайды". Лондон жақын уақытта ХАМАС-қа қарсы санкцияларды кеңейтпек.
Өз кезегінде Канада премьер-министрі Марк Карни: "Қазіргі Израиль үкіметі Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермеу үшін жүйелі түрде қадамдар жасап жатыр", – деді.
"ХАМАС Израиль халқына террор жасап келеді, Газадағы тұрғындарды езгіге салып, қорқынышты азап шектіруде. ХАМАС-тың барлық тұтқындарды босатуы, толық қарусыздануы және Палестинаны басқаруда ешқандай рөл ойнамауы – аса маңызды. ХАМАС палестин халқын тонады, оның өмірі мен бостандығын тартып алды, сондықтан ол ешқашан оның болашағын айқындай алмайды", – делінген Канаданың үкімет сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Карнидің айтуынша, палестин билігі Канадаға және халықаралық қауымдастыққа 2026 жылы реформа жүргізіп, жалпы сайлау өткізуге міндеттеме алған. Ол сайлауға ХАМАС қатыспайды. Сондай-ақ Палестина мемлекетін демилитаризациялау жөнінде келісім жасалғанын канадалық премьер қосты.
Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз X желісінде Палестинаны мойындау жөнінде мәлімдеме жариялады.
"Халықаралық қауымдастық Палестина автономиясына нақты талаптар қойды. Палестина автономиясының президенті Израильдің өмір сүру құқығын растады және Аустралия алдында тікелей міндеттемелер алды. Оның ішінде демократиялық сайлау өткізу, сондай-ақ қаржы, басқару және білім беру салаларында ауқымды реформалар жүргізу міндеттемесі бар", – делінген құжатта.
