03 қаз, 2019 сағат 13:27

Қанат Ислам: GGG Деревянченконы жеңеді деп ойлаймын

Қазақстандық кәсіби боксшы Қанат Ислам Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасында IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулы үшін өтетін жекпе-жектен не күтетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен Сергей Деревянченкомен рингте екі рет кездескенмін. Біріншісінде жеңіске жеттім, одан кейін Алматыда төрешілердің шешімімен жеңілдім, алайда ол менікі еді. Сергей - өте мықты және жақсы боксшы, дегенмен Головкиннің деңгейі жоғарырақ. Сергей қарсы тұруға тырысады, алайда оңайға соқпаса да, GGG оны алдай алады. Головкин жеңімпаз атанады деп ойлаймын. Оған жекпе-жекте тек сәттілік, жеңіс, Қазақстанның туын тағы да бір мәрте көтеруін тілеймін», - деді спортшы.

Кәсіпқойлар арасындағы бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) мен украиналық Сергей Деревянченко (13-1, 10 КО) арасындағы айқас 5 қазан күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. Қазақстандықтар жекпе-жекті 6 қазан күні таңертең тікелей эфирден тамашалай алады.

Ал Қанат Ислам (26-0, 21 КО) кезекті жекпе-жегін 26 қазан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткізеді. Оның қарсыласы намибиялық Уолтер Каутондоква (18-1, 17 КО) болмақ.