09 қар, 2016 сағат 07:33

Қапшағайда жаңа басшы

Алматы облысы әкімінің өкімімен Талғат Қанатұлы Қайнарбеков Қапшағай қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Талғат Қанатұлы Қайнарбеков 1969 жылы туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Мамандығы – тарих және қосымша мемлекеттік құқық пәнінің оқытушысы, экономист, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. 

Еңбек жолын Талдықорған ауданы Көкөзек ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастады. Кейін «Эльдорадо» ЖШС менеджері, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының өнеркәсіп, көлік және байланыс бөлімінің бастығы, Көксу ауданы және Талдықорған қаласы әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2013 жылдың маусымынан – Текелі қаласының әкімі. 

Айта кетсек, Текелі қаласының әкімі болып Бақтияр Әлтайұлы Өнербаев тағайындалды. Ол 2014 жылғы қарашадан Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған болатын. 

Бұл қызметке бүгін Алматы облысы әкімінің өкімімен Жақсылық Мұқашұлы Омар облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. ол 2013 жылдың мамыр айынан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған болатын.