Қарағанды облысының өнеркәсіп көлемі 4 триллион теңгеге жетті – бұл экономиканың тұрақты дамуының жаңа белесі. Бұл туралы бүгін, 12 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев айтты.
Тау-кен және металлургия өнеркәсібін жаңғыртуға айрықша назар аударылуда.
Qarmet компаниясы өндірістік дамудың жаңа сатысына шықты. Негізгі бағыт – «5-9-5» бағдарламасы. Бағдарлама аясында 2028 жылға дейін 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратын өндіру жоспарланған.
Көмір шахталарында 8 жаңа лава іске қосылып, нәтижесінде көмір өндіру көлемі 15,1%-ға артып, 6,2 млн тоннаға жетті.
Үш домна пешінің барлығы табиғи газға көшірілді, бұл тәулігіне 250 тонна мазутты пайдаланудан толық бас тартуға мүмкіндік берді.
Өндірістік процестерге цифрлық шешімдер мен автоматтандыру элементтері енгізілуде, бұл еңбек қауіпсіздігін арттырып, тиімділікті күшейтеді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев:
«Қарағанды өнеркәсібі ел экономикасының тірегі әрі дамудың қозғаушы күші болып отыр. Бұл үрдістің айқын дәлелі – Qarmet компаниясының өндірісті жаңғырту жұмыстары. Кәсіпорын тиімділікті арттырып, цифрлық шешімдерді енгізуде», – деді аймақ басшысы.
Өңірдің индустриялық алаңдары да қарқынды дамып келеді.
Саран индустриялық аймағында автобустар, арнайы техника, тұрмыстық техника және автокөлік шиналарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Алдағы жылдары мұнда HOWO және SITRAK жүк көліктерін өндіру жобасы іске қосылады (жоба иесі – «Saran Machinery» ЖШС, инвестиция көлемі 24 млрд теңге, 1 000 жаңа жұмыс орны).
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 23 зауыт жұмыс істейді. Онда арматура, құбырлар, ферросплавтар, латунь және резеңке-техникалық бұйымдар өндіріледі.
Алдағы уақытта алюминий радиаторларын және ферросиликоалюминий өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылады.
