Фото: видеодан алынған кадр
Қарағанды облысында вахталық автобус аударылып, ондаған адам зардап шекті, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 5 сәуір күні Қарқаралы ауданында, Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде болған. Автобус ішінде 50 адам болған, олардың 30-дан астамы түрлі жарақат алған.
Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетті. ҚР ТЖМ мәліметінше, үш адам «Қазавиақұтқару» әуе кемесімен Қарағанды қаласындағы медициналық мекемелерге жеткізілген.
Сонымен қатар, тағы 30 адам жедел жәрдем дәрігерлері мен Апаттар медицинасы орталығы мамандарының сүйемелдеуімен Ботақара кентінің ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы – орташа ауыр.
Қазір оқиға Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында. Апат орнында құтқарушылар, медицина қызметкерлері және полиция жұмылдырылған.
