23 жел, 2025 сағат 17:07

Қарағандыда оқушыларға жасалатын шабуыл: мектептерде күзет күшейтілді


Фото: inkaraganda.kz

Белгісіз біреулер Telegram желісінде қаладағы 14 мектепке бірдей шабуыл жасаймыз деп видеоүндеу таратқан. Осыдан соң Қарағандыда оқу орындарының маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды КТК жаңалықтары.

Видеоүндеуде бетперде киген адам қолына қару ұстап тұрып сөйлеген. Ол оқушыларды "атып, пышақтап, денелерін қатар-қатар жатқызамыз" деп қорқытқан. Сондай-ақ шамамен 20 адамнан тұратын "террористік топ" бар екенін және Қарағандыдағы 14 мектепке шабуыл жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Алғашқы шабуыл қаланың шетінде орналасқан №61 мектептен басталатынын айтқан.

Қауіпсіздік мақсатында мектептерге жедел түрде қосымша күзет қойылып, ғимараттардың маңында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.

Полицияның мәліметінше, бұл хабарлама шетел аумағынан жіберілуі мүмкін, ал шабуыл дайындалып жатқаны туралы ақпарат расталған жоқ.

"Қазіргі уақытта аталған ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әдейі жалған ақпарат тарату – қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекет және ол бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға әкеп соғуы мүмкін", – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.