26 қаң, 2018 сағат 07:15

Кәсіпкерге тиісті қызмет көрсетпеген шенеуніктер сөгіс алды

2017 жылдың қыркүйегінде кәсіпкер Алматы облысы Жамбыл ауданының әкіміне жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша өтініш берген. Алайда жергілікті атқарушы орган Жер кодексінің 97 бабы 3-тармағына сілтеме жасап, азаматтың арызын қабылдамай тастайды.

Кәсіпкер Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінгеннен кейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің департаментіне жер қатынастары бөлімінің қызметіне тексеру жүргізу жөнінде хат жолданды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің ақпаратынша, мемлекеттік қызметті негізсіз түрде көрсетпеу жағдайы анықталмаған. Алайда Алматы облысы Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі мен әкімдік аппаратының қызметкерлері тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету процедурасында бұзушылық фактісі орын алған.

«Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша шешімді беру» мемлекеттік қызметін көрсету нәтижесі бойынша бұзушылық фактісі анықталды. Мемлекеттік қызмет стандартының 3-тармағы бойынша мемлекеттік қызмет облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың атқарушы органдарымен, аудандық маңызы бар қалалардың, поселкелердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерімен көрсетіледі. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметтің нәтижелерін беру қызмет көрсетушінің кеңсесі, яғни жергілікті атқарушы орган арқылы жүзеге асырылады», - делінген мемлекеттік орган жауабында.

Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлімнің сарапшысы Думан Керімбаевтың сөзінше әкім атына жазылған өтінішке жер қатынастары бөлімінен жауап қайтарылған. Жер кодексінің талаптары бойынша учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша теріс немесе оң шешім шығару бойынша жауап жергілікті атқарушы орган, яғни әкім тарапынан берілуі тиіс.

Аталған себептер бойынша өткен жылдың 7 қарашасында Жамбыл ауданы әкімінің өкімімен жұмыста жіберілген кемшіліктер бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысына және әкім аппаратының бас маманына сөгіс жарияланды.