Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысу үшін Ақтөбе облысына келді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақтөбеге сапары барысында Президент Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Биыл қазақтың қайсар қызының туғанына – 100 жыл.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ескерткіштің жанында жергілікті жұртшылықпен кездесті.
«Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент қазіргі алмағайып заманда бірлікті, татулықты сақтау өте маңызды екеніне назар аударды.
