Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті қолдау бағытында дайындалып жатқан құжаттар өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескеруі керектігін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Осы ретте ол Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) мен «Атамекен» палатасы жүзеге асырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасын мысал ретінде келтірді.
Мемлекет басшысы ауыл-аймақтардан кәсіпкерлікті дамытуға қатысты орынды ұсыныстар жиі түсетінін атап өтті. Соның бірі – қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастама.
«Неге екенін қайдам, бұл істі Үкімет те, бизнес те әлі күнге дейін қолға алған жоқ. Ал шағын және орта бизнес бұл салаға қызығушылық танытып отыр», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекет пен бизнестің ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген тиімді серіктестігі ауылдар мен шағын қалалардың дамуына жаңа серпін береді.
