Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев
денсаулық саласына қатысты Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдады. Осы орайда Ult.kz депутаттық сауалдың толық мәтінін ұсынады.
Қазақстан
Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары
Е.Б. Көшербаевқа
ДЕПУТАТТЫҚ
САУАЛ
Құрметті Ермек Беделбайұлы!
Мемлекет Басшысы халыққа Жолдауында фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударып, Үкіметке еліміздегі отандық фармацевтикалық өндірістің үлесін 50 %-ға дейін арттыруды тапсырды.
Бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында және Денсаулық сақтау министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) фармацевтика өнеркәсібі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндеті қойылды.
Ал отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерінің іс жүзіндегі жағдайы және Министрлік пен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) ұстанымы мен мәлімдеулері мүлдем әртүрлі.
Жалпы Қазақстанда 97 фармацевтикалық өндіруші жұмыс істейді, оның 34-і дәрілік заттарды шығаруға және 63-і медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісіне маманданған.
Парламент Мәжілісіне отандық фармацевтикалық тауар өндірушілер тобы (бұдан әрі – Компаниялар) жүгінді. Олар Министрлік пен Комитет тарапынан фармацевтика өнеркәсібі саласындағы бюрократиялық қиындықтарға тап болып отыр.
Компаниялар дәрілік заттарды шығарып, оларды емдеу мекемелеріне жеткізумен айналысады. Олар үшін туындап отырған проблемалардың негізгі себебі – өндірілген дәрілік заттардың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы Министрліктің №№ 77, 88 және 96 бұйрықтар тізбесіне енгізілу процесінің негізсіз, ұзақ уақытқа созылуы.
Министрліктің жоғарыда аталған бұйрықтарды бекіту тәртібін сақтамауы «СК Фармация» ЖШС-нің бірыңғай дистрибьюторына медициналық бұйымдарды уақтылы шығаруға және жеткізуге кедергі келтіреді.
Осыған байланысты инвестициялық жобаларды іске қосу мерзімі
1 жылдан бастап 9 жылды құрайды. Мұндай қиындықтар олардың қалыпты қызметін дамытуға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға және жаңғыртуға кедергі келтіреді.
Компаниялар шығарылатын өнім тізбесінің тиісті бұйрықтарға енгізілуінің негізсіз кешіктірілуіне байланысты Министрлік пен Комитетке бірнеше рет жүгінген. Министрліктің деректері бойынша, шығарылатын өнімге қатысты барлық мәселелер отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін Комитетке уақтылы тапсырылады.
Алайда, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Комитет негізсіз себептермен Министрліктің бұйрықтарына Компаниялар шығаратын өнімдердің тізбесін енгізу процесін ұзаққа созуда. Басқа да отандық фармацевтикалық өндірушілер дәл осындай жағдайда. Осының салдарынан терапияны түбегейлі өзгертетін және сырқаты жазылмайтын ауруларды емдейтін жаңа препараттар қазақстандықтарға кідіріп, өте кеш жетеді.
Егер Министрлік пен Комитеттің отандық өндірушіге деген қатынасы осындай болғанда, өндірілетін өнімді ведомстволық бұйрықтарға енгізу процесі 3 жылдан 5 жылға дейін кешіктірілсе, онда фармацевтикалық индустрияны мемлекеттік қолдау туралы сөз қозғауға да қажеті жоқ. Осыған байланысты, елдегі меншікті фармацевтикалық өндірістің үлесі 10 %-дан аспай, бұрынғы деңгейде қалып отыр.
Сонымен қатар, жасанды түрде жасалған бюрократиялық қиындықтар фармацевтика өнеркәсібінің қалыпты жағдайда дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарының қысқару қаупін тудырады және жиынтығында банкроттыққа және өндірістердің жабылуына әкелетіні сөзсіз.
Фармацевтика индустриясы ұлттық экономика құрылымындағы негізгі саланың бірі болып табылады және тиімді мемлекеттік қолдау жасалған кезде импортқа тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ ішкі нарықтағы дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Сонымен, фармацевтика саласында барлық қажетті шешімдердің жедел қабылдануы, ал саланы дамыту үшін қажетті шаралар кідіріссіз іске асырылуы үшін тиісті шаралар қабылдап, қолайлы жағдайлар жасау қажет.
Жоғарыда баяндалғандар негізінде, құрметті Ермек Беделбайұлы, Сізден, отандық өндірушілер шығаратын медициналық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ведомствалық №№ 77, 88 және 96 бұйрықтардың тізбесіне енгізу мен бекіту процестерін созбалаңдыққа салмай, жеңілдету мақсатында, аталған бұйрықтарды қайта қарауды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсыруыңызды сұраймын.
Қайрат Балабиев, депутат