04 қаз, 2023 сағат 13:03

Қайрат Боранбаевтың тәркіленген мүлкі қайда бағытталады?

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қайрат Боранбаевтың тәркіленген мүлкі қайда бағытталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Заңсыз шығарылған активтерді қайтару заңы қабылданды. Осы заң аясында біз жақында арнайы компания құрдық. Енді бұл мәселелерге олар басшылық етеді. Қажет болса, біз ақшаны басқаруға береміз немесе мүлікті өткізіп, ақшаны арнайы шотқа аударамыз. Егер бұл әрекет (Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлік – автор түсіндірмесі) аталған заңға қатысты болмаса, онда процесстік шешім бар. Тиісінше одан соң мүліктер мемлекетке өтеді», - деп БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді Ерұлан Жамаубаев.

Еске салайық, таяуда Қайрат Боранбаев тергеу органдарымен мәмілеге келіп, құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді мемлекетке қайтарды.