28 сәу, 2025 сағат 12:03

Қайтарылған активтер есебінен: Түркістан облысында жаңа музыкалық мектептің құрылысы басталды

Фото: ҚР Бас прокуратура

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысы басталды. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының қайтарылған капиталды халық игілігі үшін пайдалану тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Ult.kz.

Рәсімге облыс әкімі, прокуроры, Бас прокуратура өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Қатысушылар болашақ ұрпаққа арнап уақыт капсуласын салып, мектептің ел үшін маңыздылығын атап өтті.

Құны 890 млн теңге болатын 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көршілес ауылдардың да балаларын қабылдай алады. Бұған дейін ауылда 1974 жылы салынған апатты жағдайдағы ескі музыкалық мектеп жұмыс істеп келген.

Жоба заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарының нәтижесін көрсететін нақты мысал болып отыр. Бүгінге дейін 610 млрд теңге қайтарылды, оның ішінде 506 млрд теңге ақшалай қаражат, ал 103 млрд теңге мүлік ретінде мемлекетке түсті.

Айта кетейік, Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінгенін жазған болатынбыз.