29 жел, 2019 сағат 11:47

Қазақ баласы Криштиану Роналдумен кездесті

Аяқсыз туған қазақстандық Әли Тұрғанбеков әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналдумен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әли мен Роналду доп ойнап, бірге фотоға түсті. Видео мен фотоны UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов өзінің Instagram парақшасында жариялады.

«Міне, сондықтан да сен әлемдегі үздіксің... Көп рахмет, Криштиану. Сен менің бауырымды бақытты еттің», - деп жазды Хабиб.

Баланың Instagram парақшасынан толық видеоны көруге болады. Онда Роналду Алиге арнап допқа жазу жазып бергені, сондай-ақ Әлидің португалдыққа қазақстандық шоколадты сыйға беріп тұрған фотосы бар.

Айта кетейік, жақында ғана Хабиб Нурмагомедов пен Әлидің кездесуі Алматыда өтті. Сол кезде балақай оған PSG ойыншыларының қолтаңбалары бар доп сыйлаған болатын.

Бұған дейін қазақстандық бала футболдың аңыз ойыншылары - бразилиялық Кафу, Хулио Сезар, Бебетомен, сондай-ақ испандық Хавимен кездесті.

Олардың қатарында Месси, Андрей Шевченко, Неймар, Киллиан Мбаппе, Эдинсон Кавани, Диего Марадона, Ливерпуль ойыншылары Мохаммед Салах, Роберто Фирмино, Ливерпульдің бас жаттықтырушысы Юрген Клопп бар. Сондай-ақ, өзінің кумирі Ник Вуйчичпен де кездесіп үлгерді. Ол сонымен қатар Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын тапсырды.