09 сәу, 2026 сағат 11:03

Қазақ тревел-блогері халықаралық WIBA Awards сыйлығын иеленді

Фото: Offside.kz

Қазақстандық видеограф, тревел-блогер әрі бұрынғы қазақ тілі мұғалімі Дастан Мұхамедрахим халықаралық WIBA Awards 2026 сыйлығының «Үздік тревел-блогер» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды деп хабарлайды Ult.kz.

Аталған марапат интернет-жобалар әлеміндегі «Оскар» ретінде жиі аталады. Дастанның блогы Қазақстан табиғатына арналған. Бүгінде оның Instagram парақшасына 1,6 миллион адам жазылған. Ол ірі компаниялармен ынтымақтастық орнатып, блогерлердің жаһандық саммиттеріне қатысып, елдің көрікті жерлерін әлемге танытып жүр.

Блогердің айтуынша, 20 қаңтар күні оған Instagram-ның ресми парақшасынан хат келген. Онда WIBA Awards сыйлығының Year in Review (жыл қорытындысы) номинациясына үміткер атанғаны хабарланып, қатысуға келісім беру сұралған. Дастан ұсынысты қабылдаған, ал 15 ақпанда оған жеңімпаз атанғаны туралы хабарлама келген.

Жеңімпаздарды іріктеу көрілім саны, визуалдық эстетика және контенттің креативтілігі сияқты бірқатар көрсеткіштер негізінде жүргізіледі. WIBA Awards 2026 марапаттау рәсімі 2026 жылғы 22 мамырда Канн қаласында өтеді.

Дастан Мұхамедрахим байқауға тек Қазақстанда түсірілген видеолармен қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, ол «Бұл – кез келген ел емес, бұл – Қазақстан» деген форматтағы трендті бастаған. Мәселен, «Бұл Канада емес, бұл – Қазақстан» деген мазмұндағы роликтер арқылы ел табиғатын ерекше қырынан көрсете білді.

Қазір бұл форматты шетелдік блогерлер де кеңінен қолдана бастаған. Мысалы, Индонезиядан бір блогер осы стильде видео жариялап, 6 миллион қаралым мен 700 мың лайк жинаған. Видеоның басында «Бұл Қазақстан ба?» деген сұрақ қойылып, соңында оның өз елі екені көрсетіледі. Дастанның пікірінше, бұл формат бүгінде жаһандық трендке айналған.