23 қаз, 2020 сағат 13:45

Қазақ вальсінің падишасы – Шәмші әндері қуыршақ театрында

Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Өмір – өзен» атты жаңа музыкалық қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай сырлы сазгердің ән қазынасына саяхат жасайтын «Өмір - өзен» театрландырылған музыкалық қойылымы қалың көрерменге жол тартты.

Аталмыш туындының режиссері Еркебұлан Қабдыл ұлттық құндылықтарға толы ұлы сазгер әндерін қуыршақ театр кеңістігінде тұңғыш рет ұсынып отырғанын жеткізді. 

«Спектакльді тамашалауға келген көрермендер әртүрлі тақырыпта жазылған Шәмші әндерінің тереңіне бойлай түседі. Шәмшінің әндері әр қазақтың төрінде шырқалып, халықпен бірге жасап келеді. Сондықтан да біздің спектаклімізге келген көрермендер ұлы сазгердің құдіретті әндерімен тағы да бір рет қауышып, ән әлемінде жүзді. Әсіресе, жастар үшін тәрбиелік маңызы зор. Олар халқымыздың жарық жұлдызына айналған Ш.Қалдаяқовтың ән әлеміне құлаш ұрып, оның шығармашылығына байланысты аз да болса мәлімет алды»,– дейді режиссер Еркебұлан Қабдыл.

«Өмір - өзен» қойылымы белгілі бір оқиғаға бағындырылып, композициялық тұтастыққа негізделді. Әрбір әннің туу тарихы спектакль кейіпкерлерінің басынан өтіп жатқан маңызды оқиғалармен байланысып, көрермендердің қызығушылығын арттыра түсті. 

Айта кетейік, театрда барлық санитарлық талап орындалды. Көрермендер маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтады.