24 ақп, 2026 сағат 16:24

«Қазақмыс» 2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздікті дамыту бағдарламасын бекітті


Фото: t.me/kazakhmys_news
«Қазақмыс» корпорациясында 2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жоспары бекітілді. Ол өндірістік үдеріс пен техникалық тексеруді және негізгі кеніштердегі тәуекелдерді бағалау нәтижесінде әзірленді.

Жезқазған өңірінің еңбек ұжымымен өткен жұмыс кездесуінде компания басшылығы қауіпсіздікті дамудың басты басымдығы деп белгіледі. Бұл ұстаным нақты шешім мен жылдық жоспарда бекітілді.

2026 жылы компания жекелеген шараларға емес, сын-қатермен жүйелі жұмыс істеуге назар аударады. Жұмысты ұйымдастыруға, операцияларды орындау стандарттарына, қызметкерлерді оқытуға және бақылау құралдарына қатысты өзгеріс енгізіледі.

Өндірістің ең күрделі және тәуекелі жоғары учаскесі ретінде жерасты жұмысына ерекше назар аударылады. Қауіпсіздік мәселесі техниканы жаңғыртумен, инвестициямен және геологиялық барлау саласын дамытумен қатар қарастырылады. Қатаң бақылауды талап ететін операциялар мен факторлардың тізімі анықталды. Оларға қосымша тексеру және стандартты сақтау бойынша қатаң талап енгізіледі. Осы шаралардың жүзеге асырылуына өндірістік алаңдардың басшылары тікелей жауапты болады.

Сонымен қатар қайталанатын жұмыстар үшін стандартты операциялық рәсімдер (СОР) енгізіледі. Бірыңғай алгоритмдер қателердің санын және адам факторының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде практикалық оқыту бағдарламасы кеңейтілуде. Тренингтер нақты өндірістік жағдайды талдауға негізделеді. Желілік басшыларды даярлауға ерекше назар аударылады, себебі олар күнделікті қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды.

Сондай-ақ өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру, қызметкерлерді тәуекелдер және олардың алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру мақсатында компания еңбекті қорғау мен өндірістік қауіпсіздік саласындағы ішкі байланысты күшейтуде. Осы үшін оқыту бейнематериалдары, тақырыптық баннерлер, плакаттар, ақпараттық графика және цифрлық коммуникация арналары қолданылады. Бұл қызметкерлерді ықтимал қауіп, жұмысты қауіпсіз орындау ережелері және оқиғалардың алдын алудың озық тәжірибесі туралы дер кезінде хабардар етуге бағытталған.

Ауысым алдындағы медициналық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі ілкі жоба ретінде іске қосылады. Ол қызметкерлердің жұмысқа дайындығын объективті бағалауға және денсаулық жағдайына байланысты туындауы мүмкін тәуекел деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар нұсқама мен өндірістік талқылау жүргізу форматы жаңартылуда. Оқыс оқиғаны талдау және одан алынған сабақ тұрақты тәжірибенің бір бөлігіне айналады. Компания әрбір жұмыскердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығын растайды.

Компанияда қауіпсіздік күнделікті басқарушылық міндет ретінде қарастырылады. 2026 жылы өндірістегі нәтижелер үшін басшылардың практикалық іс-әрекеті мен жеке жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.