07 там, 2017 сағат 13:31

Қазақстан доллардан неге арыла алмайды?

Қазақстан теңгесі тағы құлдырап келеді. Оған, әдетте, Brent маркалы мұнай бағасының төмендеуі түрткі болса, енді АҚШ тарапынан Ресейге қарсы жарияланған санкциялар негіз болып отыр. Теңге құлдырамауы үшін не істеу керек? Ұлттық валютаны не құтқара алады?

2014 жылдың күзінен басталған девальвациямен бір ел болып күресіп келеміз. ҚР Ұлттық Банкі 2015 жылдың тамыз айына шейін теңгенің өзге валюталарға қатысты құнын жасанды түрде ұстап тұрды. Ал одан кейін тіректі жіберіп, интервенция жасауды доғарды. Себебі Ұлттық Банк интервенцияға айына 400-500 миллиард теңге көлемін жұмсауына тұра келді.

Ұлттық Банктің ресми мәліметіне орай, 1 АҚШ доллары 333,36 теңгеге тең. Бұл қазіргі Қазақстан экономикасының қуаты бойынша теңгенің шынайы құнын көрсетеді. Себебі Ұлттық Банк нарыққа араласып, теңгенің бағамын жасанды түрде көтеріп отырған жоқ.

Доллардан арылу мүмкін бе?

АҚШ долларына тәуелді болмау үшін әрбір ел халқының тұтынуын өзі толығымен қамтамасыз ете білуі керек. Себебі импорт жасау үшін Қазақстан халықаралық сауда валютасын қолдануға міндетті. Мысалы, Қазақстан 2017 жылдың сәуір айында 2,2 триллион АҚШ доллары (35,72%) көлеміндегі қаржыға импорт жасаған. Яғни, Қазақстанның шетелдік валютаға деген ішкі сұранысын ескермегеннің өзінде, сырттан тауар алып келу үшін $2,2 триллион сатып алуға мүдделі болғанбыз.

Дүниежүзінде ешбір ел толығымен доллардан арыла алмайды. Себебі халықаралық қаржы жүйесі АҚШ доллары негізінде құрылған. Тіпті, Солтүстік Корея да Қытаймен сауда жасауы үшін АҚШ долларына тәуелді. Дегенмен, импорт көлемінен экспорты жоғары елдер тәуелсіз қаржы саясатын жүргізе алады. Мысалы, Қытай, Жапония, Үндістан және Аустралия елдері дедолларизация үдерісін сәтті жүзеге асырып жатыр.

Мүмкін болған соңғы статистикалық мәліметке сүйенсек, Қытай сыртқы сауданы өз валютасында жасап жүр. Ал Қазақстанның шетелдік валютаға тәуелді екенін көреміз.

Еліміздің Ұлттық Банкі несие беру саясаты мен депозиттік салымдарды бақылау арқылы ішкі нарықтағы америкалық долларға деген сұранысты азайту саясатын жасап отыр. Нақтырақ айтар болсақ, екінші деңгейлі банктер несие алу мен депозит ашу процесін теңгеде жасау тиімділігін арттырған. Мысалы, ұлттық валютада депозит ашсаңыз, жылдық өсімі 14-15 пайыз көлемінде болса, ал АҚШ долларында 1,5-2 пайыз ғана өседі.

Дегенмен, бұл қаржы саясаты жеткіліксіз. Ол үшін Қазақстан үкіметі мен қаржы бақылаушысы еліміздегі өзге секторларды дамытуға күш салуы тиіс. Басты назарды ауыл шаруашылығына салып, өзімізді өзіміз қамтамасыз етудің амалын жасау керек.

Қай елдер долларға тәуелді?

Кейбір елдердің үкіметі өз экономикасын өздері нығайта алмайды. Мысалы, Эквадор, Зимбабве мен Панама елдері ресми валюта ретінде АҚШ долларын қолданады. Себебі ішкі экономикалық дағдарыстың әсерінен өз валютасын құнсыздандырып алған. Жуырда бұл тізімге Аргентина кіруі мүмкін. Себебі аталған елдің сыртқы қарызы жылдам өсіп жатыр.

Уругвай, Багам аралдары, Камбоджа, Коста Рика, Гаити, Гондурас, Ливан, Либерия, Солтүстік Корея, Сомали сынды елдер ішкі нарығында екінші валюта ретінде америкалық долларды пайдаланады.

Бұл картадан Араб елдерінің АҚШ долларына тәуелді екенін көреміз. Ал Францияның Африкадағы бұрынғы отар елдері еуроны қолданудан басқа амалдары жоқ. 

Қалған елдер тек сыртқы нарықта сауда жасау кезінде, яғни экспорт немесе импорт үшін АҚШ долларын сатып алуға мүдделі. Бұл елдердің тізімінде Қазақстан да бар.

Афро мен Азион

Африка елдері континеттің қаржы саясатын өз қолына алу үшін 2022 жылы жаңа аймақтық валютаны айналымға шығаруды көздеп отыр. "Афро" атауын иемденетін валюта Еуропа одағының еуросы сынды мемлекет аралық саудада пайдалану жоспарланған.

Ал азион валютасы әлі идея күйінде қалып отыр. Себебі Азия нарығы тым үлкен және Қытай өз экономикасының қуатын өзге елдермен бөліскісі келмейді. Азион валютасы Жапония экономикасына да теріс әсер етеді. Егер Азион нарыққа шығарылса, еуро айналымға енгеннен бері Еуропадағы дамушы елдерді дағдарыстан шығару амалын жасап жүрген Германияның миссиясы Жапонияға міндеттеледі.

Көптеген сарапшылар бұл идеялардың сәтсіз екенін айтады. Себебі еуроны ресми валютасы ретінде қабылдаған мемлекеттің экономикасы сол валютаның бағамына әсер етеді. Мысалы, Швейцария Еуропаның орталық бөлігінде орналасқан болса да, саясатын "конфедеративті" деп жариялап, еуроны ресми валюта ретінде қабылдаған жоқ. Ал Ұлыбритания Еуроодақ мүшесі атанғанымен, өз валютасын нарықтан шығарып тастаған жоқ.

Азия нарығында Еуропаға қарағанда дамыған елдер қатары аздау. Сонымен қатар, Азияда активі жоғары халықаралық банктер мен инвестициялық қорлары аз. Сондықтан "азион" идеясы Қазақстан үшін де, бүкіл Азия үшін де тиімсіз.

БРИКС

Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы экономикалық тауар айналымын біріктіру мақсатында BRICS ұйымын құрды. Ұйымның басты мақсаты - халықаралық саудадан АҚШ долларын ығыстыру. Аталған бес ел БРИКС келісімі арқылы нарыққа толықтай өзгеріс енгізе алмай жатқан болса да, өзара сауда барысын, өз валюталарында жасауға тырысып келеді.

BRICS (Brazil, Russia, India, China, South Africa) ұйымына мүше ел басшыларының 8-кездесуі (2016, Үндістан)

Қазақстан теңгесін не құтқара алады?

Қазақстанның бюджетін толықтырып отырған бір ғана экономикалық сектор бар. Ол - энергетика. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан мұнай мен газды экспортқа шығару арқылы күн көріп отыр. Сондықтан мұнай бағасы төмендесе, теңге құлдырайды. Ел экономикасы қиын жағдайға тап болады. 

Энергетика секторы Қазақстан үшін өте тиімді. Бірақ біз өзге де секторларды дамыта аламыз. Мысалы, Швейцария сынды банк секторын дамытып, шетелдік инвесторларды тарту керек. Оған ашық экономика саясатын жүргізуге тиіспіз. Өкінішке орай, бұл әзірге қолымыздан келіп отырған жоқ. Одан кейін, Қазақстандағы тарихи маңызы бар мекендер мен табиғи зоналарды туристерге қолжетімді етіп, туризмді дамытуға болады. Бұл үдеріс те баяу жылжуда. 

Импортқа тәуелді болмау үшін Қазақстан ішкі нарықты өзін-өзі қамтамасыз етуі тиіс. Мысалы, Қазақстан халқы тұтынатын тауық етінің 52 пайызы сырттан келеді. Осы сынды мәселелерге назар аудару арқылы ел экономикасын арттыру керек. 


Жолдас Өрісбай, massaget.kz