Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Үкіметі қарасораны (каннабис) өнеркәсіптік мақсатта өңдеуге арналған ресми ережелерді бекітті. Бұл құжат жеңіл өнеркәсіптен бастап құрылыс индустриясына дейінгі түрлі салаларда өсімдікті заңды түрде қолдануға жол ашады, деп жазады Ult.kz LS.kz сайтына сілтеме жасап.
Қандай салалар қарасораны пайдалана алады?
Жаңа қағидада қарасораны қандай кәсіпорындар өндірістік мақсатта өңдей алатыны нақты көрсетілген. Ең басты талап — өңдеу процесінде есірткі және психотроптық заттар өндірілмеуі тиіс.
Құжатта:
«Партия деп өнеркәсіптік мақсатта өсіруге рұқсат етілген бір сорттағы қарасора сабағының кез келген көлемі саналады», – делінген.
Барлық шикізат бір мезгілде жиналып, бір құжатпен рәсімделіп, кәсіпорынға тапсырылуы керек.
Шикізатты қабылдау тәртібі
Кәсіпорындар қарасораны орам немесе престелген күйде қабылдайды.
Қабылдау алдында мемлекеттік уәкілетті органның сараптамасы қажет. Сараптама өсімдіктегі тетрагидроканнабинол (ТГК) деңгейінің заңды нормадан аспайтынын растауы тиіс.
Қарасора қандай өнеркәсіптерде қолданылмақ?
Жаңа ережеге сәйкес, қарасораны терең өңдеу төмендегі салаларда жүргізіледі:
Тоқыма өнеркәсібі
– Мата, арқан, техникалық жіп, тоқылмаған материалдар және басқа өнімдер.
Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі
– Қағаз, картон, сүзгі материалдары және өзге де бұйымдар.
Құрылыс индустриясы
– Арболит, hempcrete (қарасора бетон), жылуоқшаулағыш плиталар мен құрылыс материалдары.
Азық-түлік және мал азығы өндірісі
– Май, ұн, күнжара, ақуыз концентраттары, мал азығы.
Биокомпозиттер
– Автокөлік бөлшектері, жиһаз, қаптамалық материалдар және басқа экобұйымдар.
Экономика үшін жаңа кезең
Сарапшылардың пікірінше, қарасораны өнеркәсіптік деңгейде өңдеудің заңдастырылуы:
-
жаңа өндірістердің ашылуына,
-
инновациялық өнімдердің пайда болуына,
-
өңдеу салаларында жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік береді.
Бұл шешім Қазақстан экономикасының әртараптануына серпін беретін қадам ретінде бағалануда.
