14 қаң, 2026 сағат 16:40

Қазбек Бейсебаев: Билік халықпен санаспайды ­

Фото: datnews.info

Қазіргі халықаралық жағдайда Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан ірі державалардың геосаяси бәсекесінің назарында тұрғаны анық. Ресейлік пропагандистердің, соның ішінде Соловьевтің агрессивті риторикасы – нақты соғыс жоспары емес, бірақ қысым көрсету, ақпараттық әсер ету және қорқыту элементі. Мұндай мәлімдемелерді елемеу де, асыра қабылдау да дұрыс емес – бастысы, салқынқандылық пен институционалдық беріктік. Трамптың саясатына келсек, ол идеологиядан гөрі мәмілеге, күш пен пайдаға негізделген прагматикалық саясат ұстанады. Мұндай тәсіл әлсіз мемлекеттер үшін қауіпті, ал өз мүддесін нақты қорғай алатын елдер үшін белгілі бір мүмкіндік те тудыруы мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін жеке субъектілік пен теңгерімді сыртқы саясат аса маңызды. Осы туралы Ult.kz тілшісіне экс-дипломат Қазбек Бейсебаев сұқбат берді.

– Ресейдің пропогондисті Соловьев тағы да «Орталық Азияға қарсы арнайы әскери операция бастауға болады» деді. Ол АҚШ-тың Венесуелладағы әрекетін үлгі ретінде келтірді. Қалай ойлайсыз біздің ел ірі державалардың ойыншығы болып қалмай ма?


Соловьев деген пропагандист, ол айта береді. Мен өзім Ресейдің ешқандай телеарнасын көрмеймін, сондықтан ол не айтты, менің жұмысым жоқ. Өйткені ол журналист емес, пропагандист. Мен кейде таңғаламын, біздің Қазақстанда осындайларды мұқият тыңдайды. Ол қалай болса да, ресми тұлға емес. Оның сөзінің себебі бар. Өйткені АҚШ Мадуроны тұтқынға алды, операция жасады. Сол себепті бізге де, басқа елдерге де белгілі бір сигнал береді.

Ол нақты Қазақстан туралы айтқан жоқ, қателеспесем, Армения мен Орта Азия мемлекеттерін мысалға келтірді. Бірінші кезекте екі ел арасындағы негізді қарау керек. Ресей мен Қазақстан арасында қандай негіз бар? Мысалы, Венесуела мен АҚШ арасында ешқандай ресми келісім жоқ. Сол себептен қақтығыс, дау, тіпті жұдырық көрсету жағдайлары пайда болып отыр. Ал біз Ресеймен осындай жағдайға жетпегенбіз.

Жалпы Ресейді, орыс халқын алсақ, қай жағынан алсақ та, біз тарихи тұрғыдан бірге тұрмыз: Шыңғыс хан заманынан бері бір аймақтамыз. Қазақтар қыпшақ, одан кейін Ресей патшалығы, Кеңес өкіметі болды, одан кейін тәуелсіз мемлекет қалыптасты. Қазіргі жағдайда біздің шарттық келісіміміз бар: 3–5 жылда президент Мәскеуге барып, келісім жасайды. Осындай достық, стратегиялық, 21 ғасырға бағытталған байланыстар екі ел арасындағы қарым-қатынасты реттейді.

Екінші мәселе – халықаралық бірлестіктерге қатысу. Біз Еуразия экономикалық одағына, ҰҚШҰ-ға және басқа да ұйымдарға мүшеміз. Қазақтар мен Ресей арасындағы қарым-қатынас осы арқылы нығаяды. Ал Соловьев айта береді. Бізді нақты айтқан жоқ, дегенмен қазақта «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген сөз бар. Бізге Сыртқы істер министрлігі Ресейдің елшілерін шақырып, айта ма? «Соловьев олай дейді» деп отырмыз ба? Қазақ қоғамы Ресейде не айтылып жатқанын аңдып отыр. Соловьев «солай деді, былай деді» деп оған пиар жасаймыз. Біздің онсыз да өз мәселелеріміз көп. Енді оған мән бермеуге болмайды. Бірақ бір жағынан, ол ресми тұлға емес.

– Жалпы Трамптың саясатына көзқарасыңыз қандай?

Трампқа келсек, ол халықаралық көкпар жасап отыр. Оның әрекеттерін жол ережелерімен салыстыруға болады. Өйткені қасындағы мемлекетің президентін тұтқынға алды. Трамп не істегісі келсе, соны істеп жатыр. Ол күшін білдіріп: «Сендер басқа мемлекетсіңдер, біздің аймаққа кірмеңдер» дейді. Қазір тіпті Гренландияны бақылауға алғым келеді деп отыр. Мәселе Трампта емес, Трамп – осы саясатты жүзеге асыратын президент. Америка  «АҚШ өзінің Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы аймағын қорғайды, басқалар кіре алмайды» деген саясатты ұстанады.

Гренландияға қызығушылық себебі – Солтүстік мұхит арқылы сауда жолдарын бақылау. Мысалы, Алматыда әлі қыс келген жоқ, температура көтеріліп жатыр. Мұздар еріп, жол ашылады, Қытай мен Еуропа саудасы пайда болады. Гренландия стратегиялық тұрғыдан маңызды. Трамп болсын, басқа біреу болсын, ол аймақты бақылауға алады. Америка өзіне қажетті аймақты басып алады, «Америка бірінші» деген саясаты бар.

– Ресей пропогондистері бізге жиі сес көрсететіні белгілі. ҰҚШҰ-ға (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) мүше болу бізге несімен тиімді?

–  Соловьевтен бастадық, ол «біз көршілерге неге жұдырық түймейміз?» деп айтады. Егер халықаралық құқық бұзылса, АҚШ Ресейге «неге басқа елдерге тиісіп жатырсың?» дейді. Ресей болса «сенен үлгі алып жатырмыз» деп жауап береді. Сол себептен халықаралық құқық бұзылып жатыр. Бұл дұрыс емес, әлемге және бізге де қауіп-қатер төндіреді. Сондықтан біз мықты болуымыз керек, экономиканы көтеріп, біртұтас болуымыз қажет.

Америка Венесуеланы басып алды, өйткені ол мемлекет әлсіз. Ресей де мықты мемлекет. Ұнай ма, ұнамай ма, ол маңызды емес. Қару-жарақ, әсіресе ядролық қару-жарақ бойынша Ресей мен Америка тең, кейде Ресей озып бара жатқанын көреміз. Егер біз ҰҚШҰ-дан шықсақ, басқа мемлекеттер, мысалы Қытай, халықаралық құқықты бұзып, біздің жерлерімізді талап ете алады. Бізде 20 миллион адам ғана, әскери күшіміз шектеулі. Кім көмектеседі? Сондықтан ҰҚШҰ керек. Қаңтардағы оқиғаларда біздің қару-жарақ, әскерлеріміз жеткіліксіз болды. Алматыда кім қорғады? ҰҚШҰ әскерлері келді. Келмесе не болар еді?

Әскери көмек болғанда, ҰҚШҰ артында Ресей тұр. Армения мен Тәжікстанның әскері де болды, бірақ негізі десанттарды Ресейдің ұшақтары жеткізді. ҰҚШҰ болмаса, өзімізді қорғай аламыз ба? Халықаралық құқық күштінің мүддесіне қарай бұзылады. Кімнің күші бар, соның құқығы үстем. Американдық және басқа елдер де осылай әрекет етеді. Өте қауіпті дәуірде тұрып жатырмыз.

– Жалпы Қазақстанның әскери қауқарын қалай бағалайсыз?

– Біздің әскер саны аз – ұшқыштар мен солдаттарды қосқанда 100 мыңға жетпейді. Жеріміз үлкен болса да, халық саны аз. Украинадағы соғысты қарасаңыз, дрондар, басқа заманауи техника бар. Бізде жас әскерлер жиі қайтыс болады. Бұл әскерге сенімнің төмен екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда ата-аналар баласын әскерге жібергісі келмейді. Әскер жағдайын жақсарту, экономиканы көтеру маңызды.

– Саясаттанушы Досым Сәтпаев қазіргі күрделі саяси кезеңде атом қаруынсыз ешбір ел өзін қауіпсіз сезіне алмайды дейді. Сіз қалай ойлайсыз бізге атом қаруы қажет пе?

– Атом қаруыңыз болса, қауіпсіз сезінесіз. Бірақ оған мамандар, білім, ғылыми база керек. Бұл сатып ала салатын нәрсе емес. Америка мен Қытай басқа мемлекеттерге атом қаруына рұқсат бермейді. Иранға шабуыл да сол себептен жасалды. Ресей мен Қытай бірігіп, рұқсат бермейді. Сондықтан өзіміз сияқты мемлекеттер бірлестікте болуымыз керек. Еуропа елдері неге НАТО-ға бірікті? Жеке күштері жеткіліксіз, бірігіп, әскери тұрғыдан мықты ұйым құру үшін бірікті. НАТО Ресейді басып тұрады. Атом қаруын қолданса, бәрі жойылады. Украинадағы соғысты қараңыз: Ресейде ядролық қару бар, бірақ қолданбай отыр. Егер қолданса, бүкіл әлем зардап шегеді.

Оқи отырыңыз: «Ядролық қаруы жоқ бірде-бір ел енді өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды»


–  Бізде халық пен билік арасында сенім қатынасы бар ма? Ел басына күн туа қалған жағдайда халық билікке сенім арта ала ма?

–  Сұрағыңыз орынды. Біз бір топ азамат уақыт белдеуін қайтаруды талап еткенбіз. Билік бір белдеуге көшіруді шешті, бұл 10–15 мың адамның күн тәртібін бұзды. Билік халықпен санаспайды. Салықты биыл көтерді, халыққа есеп бермеді. E-Otinish платформасы арқылы ұсыныс береміз, бірақ жауап жоқ. Парламент реформасы жарияланбайды. Әлуеметтік желілерде, ақпарат порталдарында талқыланбайды. Билік халықпен санаспайды.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан

Ақбота Мұсабекқызы