17 қар, 2022 сағат 07:22

Қазақстан құрамасы өзбек футболшыларына есе жіберді


Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ташкентте өткен жолдастық кездесуде Өзбекстан футболшыларына есе жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Пахтакор" стадионында өткен матч 2:0 есебімен алаң қожайындарының пайдасына аяқталды. Өзбектер ойындағы қос голды да бірінші таймда соқты.

12-минутта Ходжимат Эркинов есеп ашса, 45-минутта италиялық "Ромада" доп тебетін Элдор Шомуродов қақпашыдан айласын асырды. 

Осылайша, Қазақстан құрамасы қатарынан екінші ойында жеңіліс тапты. Бұған дейін Магомед Адиев шәкірттері Ұлттар лигасында Әзірбайжан құрамасынан 0:3 есебімен ұтылған болатын. 

Айта кетейік, бұл кездесу барысында екі жылдық үзілістен кейін Бауыржан Исламхан алаңға шықты. Ол екінші таймда қосылып, капитан міндетін де атқарып шықты.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 19 қараша күні өткізеді. Бұл күні біздің жігіттер Абу-Даби қаласында БАӘ командасына қарсы ойнайды.