20 қаз, 2025 сағат 11:01

Қазақстан Қытайдың жаңа өндірістік алаңына айналып бара ма? ‒ Сарапшы пікірі

Фото: gov.kz
Елімізде бір айдың ішінде 300-ден аса қытайлық компания тіркеліп, соңғы 3,5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл туралы DATA HUB телеграмм арнасы хабарлады. Осынған байланысты Ult.kz тілшісі сарапшы Қанат Қаһарұлынан сұхбат алған еді. 

Көрсетілген телеграм арнаның жазуынша Қазақстанда Қытай бизнесі 1,5 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Біздің елде бизнес жүргізіп отырған шетел компанияларының ішінде Ресей ‒ бірінші орында, Өзбекстан ‒ екінші, ал Қытай ‒ үшінші орында екен. Бірақ бір айда Ресей Федерациясының көрсеткіші 22 бірлікке, 23,1 мыңға дейін қысқарған. Ал Қытай ‒ 307 бірлікке артып, 7,1 мыңға жетті.
   
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің aймақтану кафедрасының докторанты, Астана қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі (IB), Гуманитарлық пәндер кафедарасы оқытушысы Қанат Қаһарұлы Қытай-Қазақстан сауда-экономикалық қатынастарының дамуы және Қытай компанияларының көбеюінің себептеріне Қытай елінің ішкі және сыртқы себебімен қарастыруға болатынын айтты.

Фото: Қанат Қаһарұлының жеке мұрағатынан

Сыртқы себеп немесе Қазақстанның беретін мұмкіндіктері

Қанат Қаһарұлы алдымен географиялық және ресурстық артықшылықтар туралы айтты.

«Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы бірінші аялдамасы, Қытайдың Батыс нарықына шығуында маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге, Қазақстан Қытайды керекті шикзат ресурстармен (мұнай, табиғи газ және уран сияқты) қамтамасыз ете алады», ‒ дейді сарапшы. 


Саясатта қолдау және инвестицияны оңтайландыру туралы да сөз еткен сұхбаттасымыздың айтуынша соңғы жылдары Қазақстанда қытайлық компанияларды тіркеу, кедендік рәсімдеу және логистика процедураларын оңтайландыру үшін «Жасыл арналар» сияқты саясат енгізілді. Сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында салық жеңілдіктері берілді. Бұл Қытай компанияларының Қазақтанда дамуына тиімділік алып келді.
  

Экономикалық трансформация

Маманның сөзінше Қазақстан энергетикаға тәуелді экономикадан әртараптандырылған экономикаға көшуде. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, логистика және ақпараттық технологиялардың дамуына баса мән береді. Бұл Қытайлық компанияларға жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсынады.

«Қытайдың ішкі себебі ‒ Қытай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көліктерден шығатын зиянды газдар мен химикаттардан туындаған күрделі экологиялық проблемалардан зардап шегуде. Қытайды модернизациялауда алға қойылған мақсаттардың бірі ‒ қоршаған ортаның ластануымен күресу және зиянды шығарындыларды азайту. Премьер-министр Ли Кэцян 2013 жылы қызметіне кіріскеннен бері үкімет халықаралық өндірістік қуаттағы ынтымақтастықты дамыту үшін көп күш салып жатыр. Ресми Синьхуа ақпарат агенттігі 2023 жылға қарай 20 миллион тонна болат пен 30 миллион тонна цемент қуатын шетелге көшіретінін хабарлады», ‒ деп отыр ол.

 
Қанат Қаһарұлы Қазақстандағы Ресей бизнесінің азайып, Қытай компанияларының керісінше өсуі арасында байланыс бар екенін айтады.

«Қазіргі таңда Ресей Украинадағы «әскери опепрациясымен» (Ресей солай атайды) айналысып жатыр. Бұл батыс елдерінің наразылығын күнен күнге күшейтіп, Ресейге экономикалық санкция салуда. Стратегиялық әріптесі болған Қытайға Ресейдің экономикасының тәуелділігі артып жатыр. Сол себепті Орталық Азияда Қытай ықпалының артуы және Ресейдің «бір көзін жұма қарауы» еш таңқаларлық жағдай емес», ‒ дейді сарапшы. 


Ал Қытай бизнесінің Қазақстанда өсуі экономикалық тәуелділікке алып келмей ме? Бұл туралы Қанат Қаһарұлы былай дейді:

«Әлемде экономикалық қатынастар туралы бір теория бар. Оны «Аймақтық экономикалық ынтымақтастық теориясы» дейді. Белгілі бір географиялық аймақтағы елдердің сауда кедергілерін азайту, экономикалық саясатты үйлестіру, ортақ инфрақұрылымды дамыту және өзара қаржылық пайдаға қол жеткізу мақсатында экономикалық қатынастар орнатуға тырысады. Алайда, кей ғалымдардың көзқарасы бойынша, аймақтағы ғылым мен техникасы дамыған белді елдер маңындағы әлсіз елдерді экономикалық келісімшарттарға қол қойғызу арқылы олардың шикізаттарын өндіріп, өздеріне өнім ретінде сатып, аймақты шикізат базасы және ақша табатын нарық ретінде уысында ұстауға тырысады. Меніңше бұл әлемдік саясаттағы табихи құбылыс», ‒ дейді ол.


Елімізде Қытай капиталының артуына қазақстандық қоғам мен бизнес қалай қарайды?

«Еліміз маңындағы кез келген алпауыт елмен әділ экономикалық қатынастар құруы керек. Сонда ғана қоғамдық наразылық тудырмайды» деп есептейді сарапшы.

«Ең әуелі өндірістік-техникалық даму, жұмыспен қамту, және мемлекетке экономикалық кіріс алып келгенде ғана Қазақстан қоғамының қолдауына ие бола алады. Егер олай болмаса, әділетсіз қатынастар наразылыққа алып келетіні анық», ‒ дейді аймақтанушы. 


«Бұл бағыттағы үкіметтің бақылау немесе реттеу саясаты жеткілікті ме? Алдағы бірнеше жылда Қытай бизнесінің Қазақстандағы үлесі қалай өзгереді деп болжар едіңіз?» ‒ деген тілші сұрағына аймақтанушы келесідей жауап берді: 

«Меніңше Перзиденттіміздің бастамасымен Астана қаржы орталығы шетелдік инвестирлермен тимді жұмыстар атқаруда және атап өтетін жайттың бірі, Президентіміз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы қызмет құру туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік органдар өз тетіктерін тиімді пайдаланса қауып-қатер азаяды. Келешекте Қытай-Қазақстан қатынастары одан әры дамиды. Дегенмен әрбір жасалған келісімшартты мұқият қадағалап, үтір-нүктесіне дейін қарастырумыз керек деп ойлаймын», ‒ дейді сарапшы Қанат Қаһарұлы. 

Балжан Жеңісқызы