24 қаз, 2025 сағат 18:35

Қазақстан мен Қытай түлектерін байланыстыратын көпір: Астанада вакансиялар жәрмеңкесі өтті


24 қазан күні Астанадағы Beijing Palace Soluxe Hotel қонақүйінде Қытай мен Қазақстан университеттерінің түлектеріне арналған бос жұмыс жәрмеңкесі өтті. Іс-шара Қазақстандағы қытай кәсіпкерлерінің Бас қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.

Бұл шараның мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім, мансап және жастар бастамалары саласындағы ынтымақтастықты дамыту. Жәрмеңке жыл сайын Қытай және қазақстандық жоғары оқу орындарының қытай тілін меңгерген түлектерін, сондай-ақ Қазақстанда қызмет ететін жетекші Қытай компаниялары мен білім беру ұйымдарын біріктіреді. Бұл туралы ҚХР жоғары оқу орындары түлектері қауымдастығының төрайымы Айгерім Негметжан айтып берді:

"Осындай жәрмеңкені ұйымдастырып жатқанымызға биыл төртінші жыл. Кезінде біз де Қытайдан диплом алып келгенбіз. Сол сияқты қазір де қай жерден жұмыс іздерін білмей, Қазақстандағы Қытай компанияларымен байланыс орната алмай жүрген жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Біздің басты мақсатымыз - Қытайда оқып келген қазақстандық студенттер мен түлектерге жақсы жұмыс табуға көмектесу. Бұл шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отырғандықтан, қатысушылар өте көп. Олардың арасында 300-ден аса жоғарғы оқу орны түлектері бар, ал оларды жұмысқа қабылдауға дайын кәсіпорындардың саны - 22", - дейді Айгерім Негметжан. 



Түлектер жәрмеңкені жыл сайын күтеді екен. Олар түйіндемелерін қолдарына ұстап, әңгімелесуге дайындалып келетін көрінеді. Түйіндемені қарау да, әңгімелесу де жәрмеңке кезінде өтіп, кей түлектер дәл осы жерден жұмыс тауып қайтады. Айгерім Негметжанның сөзінше кей түлектер қазірдің өзінде Қытай кәсіпорындарында жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұдан да жақсы кәсіпорын табу үшін жәрмеңкеге келеді.


Аяжан Қабышева биыл Еуразия Ұлттық университетінің қытай тілінен тілмаш мамандығы бойынша оқып бітірген. Ол жәрмеңкеге алғаш келіп отыр.  

"Жәрмеңкенің ауқымы осындай үлкен болады деп күтпедім. Көңілім толып отыр. Жоғарғы оқу орнын бітірген әрбір түлек ең әуелі "қайдан жұмыс іздеймін?" деп басы қатады. Кез келген жерге барсаң алдымен жұмыс тәжірибеңді сұрайды. Сол себепті осындай жәрмеңкелердің бір пайдасы - түлектер мен жұмыс берушілердің арасында байланыс орнайды. Әркім өзіне керек адамды кездестіре алады. Бір жағынан бұл жерде сені ешкім алдап кетпейді, ресми тіркелген, сенімді компаниялар жұмыс ұсынады. Екінші жағынан біз өз бағытымызға сай бос жұмыс орнын таба аламыз", - дейді Аяжан Қабышева. 


Сұхбаттасымыздың пікірінше қазіргі уақытта Қазақстанда қытай тілі мамандарына сұраныс көп. Сәйкесінше осы мамандықты игерген жастар да жеткілікті.

"Бәлкім Қазақстан мен Қытай арасында байланыстың нығаюынан шығар, соңғы кезде қытай тілін меңгерген мамандар көбейген. Сол себепті де жұмыс табу қиындап кетті. Мысалы біз оқуға түскен жылдары қытай тілін оқуды таңдаған студенттер, қытай тілін білетін мамандар аз болатын. Ал қазір өте көп. Себебі Қытай қазір әлемде экономикасы қарқынды дамып жатқан елдердің бірі. Қытаймен байланыс орнату кез келген ел үшін өте маңызды. Қазақстан үшін де дәл солай. Қазір жастар ақылды. Олар Қытаймен байланыс орнатудың және қытай тілін білудің маңыздылығын түсінеді. Бұрын ағылшын тілін білу маңызды болса, қазір қытай тілі де меңгеру талап етілетін болған", - дейді түлек.




ҚХР жоғары оқу орындары түлектері қауымдастығының төрайымы А. Негметжанның сөзінше Қытай мен Қазақстан арасында байланыс жылдан жылға нығайып жатыр.

"Екі ел арасында визасыз режим енгізілген. Қазір Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға жұмыс істеуге көптеген компаниялар келіп жатыр. Олар қытай тілін білетін мамандар іздейді. Сондықтан қытай тілін білу үлкен мүмкіндіктер ашады. Пандемиядан кейін Қытайда білім алуға сұраныс азайған, қазір керісінше қайта артып отыр. Себебі ата-аналар қытай тілінің болашағын түсініп отыр", - дейді ол.  



Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында білім саласы бойынша серіктестік нығайған. 

"Жыл сайын қаңтар, ақпан айларында Қытай Үкіметі Қазақстан Үкіметіне студенттерге арнап толық гранттар бөледі. Бізде Қытай университеттері ашылып жатыр. Биыл Астанада Пекин шет тілдері және мәдениеті университеті ашылды. Қазақстанда үшінші Лубань шеберханасы ашылды. Сондықтан университет базасында ғана емес, технологиялық бағытта біздің мамандарды оқытып жатыр", - дейді Айгерім Негметжан. 


Бағдарлама аясында құттықтау сөздер, компаниялардың таныстырылымдары және жұмыс іздеушілермен экспресс-сұхбаттар өтті. Жәрмеңке барысында түлектер компания өкілдерімен тікелей тілдесіп, кеңес алып, қытай кәсіпорындарының бос жұмыс орындарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.