Фото: Pexels.com
Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа әуе бағыттары ашылып, туризмді дамыту жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес екі ел арасындағы туризм мен көлік байланыстарын кеңейту бағытында қарқынды жұмыс басталды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 1 желтоқсаннан бастап SCAT әуекомпаниясы үш жаңа халықаралық бағытты іске қосады:
-
Түркістан – Бұхара
-
Түркістан – Үргеніш (Хиуа)
-
Түркістан – Самарқанд
Әр бағыт бойынша рейстер аптасына үш рет орындалады. Билеттер сатылымға шықты, бір жаққа ұшу құны — 40 мың теңге.
Бастапқы кезеңде жолаушылар ағынын қалыптастыру үшін бұл әуе қатынастары мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Жаңа маршруттар туризмді дамытуға, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи қалаларды танытуға, өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыруға және шетелдік туристер ағынын күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі Орталық Азияның Жібек жолы бойынша ортақ маршруттың жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Оған Алматы, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалалары, сондай-ақ аймақтың ортақ тарихи және табиғи мұра объектілері енгізілді.
Самарқандқа алғашқы тур Kompastour операторымен бірлесіп іске қосылды. Қазір басқа туркомпаниялармен де жаңа бағыттарды ұйымдастыру туралы келіссөздер жүріп жатыр.
2026 жылы Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы әлеуетін біріктіріп, бірлескен түрде халықаралық деңгейде ілгерілету жоспарланып отыр.
