30 шіл, 2025 сағат 17:49

Ердоған бізге бауыр ма? — Саясаттанушы жауап берді

Коллаж: Ult.kz
Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия мемлекетіне іссапарға барды. Сапар барысында екі ел арасында 18 келісімге қол қойылды. Осы ретте Ult.kz тілшісі саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтен Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі бағыты мен болашағы туралы пікір білдіруін сұраған еді.

Саясаттанушы Қазақстан мен Түркия басшыларының ресми кездесуі екіжақты қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтерді деп есептейді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өзара сенім мен бауырластыққа негізделген байланысты нығайтуға уағдаласты. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түркияның ең жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды. Бұл — екіжақты сыйластық пен сенімнің символы екенін айтты. 

Халықаралық және экономикалық ынтымақтастық


Саясаттанушының сөзінше, екі ел БҰҰ реформасы, жаһандық бейбіт бастамалар, өңірлік тұрақтылық мәселелері бойынша ортақ ұстанымда. Экономикалық салада да нақты мақсаттар қойылып отыр. Сауда айналымын 10–15 миллиард долларға дейін арттыру көзделуде (қазіргі көлем – шамамен 5 миллиард доллар). Қазақстан Түркияға 1 миллиард доллар көлемінде 34 түрлі тауар экспортына дайын екенін мәлімдеді.

"Түрік компаниялары ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы мен денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға қызығушылық білдірді. Энергетика саласында да жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр — атап айтқанда, Баку–Жейхан бағыты арқылы мұнай тасымалын әртараптандыру жоспарланған", —  дейді  Қазбек Майгелдинов.


Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы әріптестік


Қазақстан мен Түркия әскери салада да ынтымақтастықты кеңейтуде. Түркияда өндірілетін дрондар енді Қазақстанда да жасалатын болады. Түрік офицерлері қазақстандық әріптестерді оқыту процесіне қатысуда. Сонымен қатар, БҰҰ бейбітшілік миссияларына бірлесіп қатысу туралы техникалық келісім жасалды.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан қорғаныс саласында балама серіктестерді қарастыру арқылы Ресейге тәуелділікті азайтуға ұмтылуда. Түркия – заманауи қару-жарақ пен әскери технологияларды жеткізуші елдердің бірі.

Мәдени-гуманитарлық байланыс


Мәдени және білім беру саласындағы қарым-қатынас та қарқын алып келеді. Қазіргі таңда Түркияда 12 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Қазақстанда түрік лицейлері мен жоғары оқу орындарын ашу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, Түркия азаматтарына визасыз жүру мерзімі 90 күнге дейін ұзартылды.

Көпвекторлы саясат


Қазақстанда кей бір сарапшылар Қазақстанға Ресейден соғыс қаупі бар екенін айтады. Осы ретте біз Қазбек Майгелдиновтен Қазақстанға Ресей тарапынан қандай да бір қауіп төне қалған жағдайда Түркия бізге одақтас болуы мүмкін бе екенін сұрадық.  Бірақ Қазбек Майгелдинов бұл бағытта тараған түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды. 
Оның айтуынша Қазақстан үшін Ресей стратегиялық әріптес болып қала береді. 

"Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты ұлттық мүддеге негізделген. Түркиямен де, Ресеймен де теңгерімді қатынас сақталады", –  деді ол.

«Бұл жерде ешқандай неоосманизм немесе пантүркизм жоқ»


Бұған дейін Астанаға сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанды "ата-бабаларымыздың жері" деп атаған болатын. Тілшіміз сарапшыдан: "Ердоған "өзімсініп" Қазақстанға билік жүргізгісі келуі мүмкін бе?" - деп сұрады.
Саясаттанушы оны тарихи-рухани мағынада айтылған мәлімдеме деп бағалайды.

«Бұл жерде ешқандай неоосманизм немесе пантүркизм жоқ. Ердоған бұл сөзді империялық мақсатпен емес, түркі халықтарының ортақ тамырын еске салу үшін айтты», — дейді Қазбек Майгелдинов.

Болашақ перспективалар


Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік тереңдеп келеді. Жыл сайынғы жоғары деңгейдегі кездесулер, жаңа келісімдер мен жобалар — осының айғағы. Түркия Қазақстан үшін Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдік факторы ретінде маңызды рөл атқарады деп есептейті сарапшы.

Қазірдің өзінде түрік инвесторлары денсаулық сақтау, логистика, өнеркәсіп және энергетика салаларына белсенді түрде қатысуда.

«Қазақстан өз егемендігін берік ұстанады. Түркиямен ынтымақтастық осы тәуелсіздікке негізделген», — деп түйіндеді саясаттанушы.