Фото: коллаж Ult.kz
«Қазақстан» телерадиокорпорациясын 6 жылдан астам уақыт басқарған Ләззат Танысбай өз еркімен қызметінен кетті. Ол әріптестеріне алғысын айтып, отандық телевизияның дамуына әрі қарай да үлес қоса беретінін жеткізді. Енді медиаменеджер «Евразия» арнасына жетекшілік етеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Корпорацияның жаңа басшысы болып журналист Ернұр Бурахан тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақ радиоларына, мемлекеттік қызметке және Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен.
Ләззат Танысбайдың басшылығы кезінде «Qazaqstan» арнасы үздік бестікке енді. «Ашық алаң», «Бас тақырып», «Жедел желі» секілді жаңа жобалар көрерменге жол тартты. 20-дан астам отандық сериал түсіріліп, «Abai.tv» арнасы ашылды. Сонымен қатар «Birge.TV» стриминг платформасы мен Altynqor.com бейнеқор сайты іске қосылды.
Соңғы алты жылда корпорацияның коммерциялық табысы 50 пайызға өсіп, жас мамандарға арналған медиамектептен 120-дан аса түлек түлеп ұшты.
