01 жел, 2025 сағат 15:59

Қазақстан СІМ КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Liter.kz

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) стратегиялық маңызды инфрақұрылымына жасалған кезекті шабуылға байланысты ресми түрде наразылық білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл – халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық әрекет.

Қазақстан жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде энергия ресурстарын тұрақты және үздіксіз жеткізуге үлкен мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар КҚК-ның әлемдік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екені айтылды.

Министрлік бұл оқиғаны Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынастарға нұқсан келтіретін әрекет деп бағалап, украин тарапынан мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін нақты шаралар қабылданатынына үміт білдірді.