Фото: Сали Сабиров / ҚР Ұлттық олимпиада комитеті
19 ақпанда өткен Италияның Милан қаласындағы қысқы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы жекелей мәнерлеп сырғанау жарыстары аяқталды. Әлемнің ең мықты спортшылары өзара бақ сынасқан сайыста Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина өзінің алғашқы Олимпиадасында екі бағдарламаның қорытындысы бойынша алғашқы ондыққа еніп, Қазақстан спортын бір саты көтеріп тастады. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.Жарыста Самоделкинаның өнеріне бүткіл зал тәнті болып, тіпті бәсекелестерінің өзі орындарынан тұрып қол шапалақтады.
Видеодан скриншот
Ал оның Олимпиада ойындарындарындағы соңғы қойылымына танымал Pussycat Dolls тобының әншісі Николь Шерзингер өз әнін таңдағаны үшін алғысын білдіріп, instagram парақшасына жазба жариялады.
«Қазақстандық Софья Самоделкинаға 2026 жылғы Олимпиадада Sunset Boulevard бағдарламасымен өнер көрсеткені үшін рақмет!», – деді өнер иесі.
Бұған Софья да ықылас танытып, Шерзингерге әдемі музыкасы үшін ризашылығын білдірді.
Скриншот: Nicole Scherzinger/instagram.com
Биографиясы және спорттық жолы
Софья Самоделкина – мәнерлеп сырғанаудан халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген спортшы. Ол 2007 жылы 18 ақпанда Москва қаласында дүниеге келіп, спорттық жолын Ресей құрамасында бастады. Жасөспірімдер арасында жоғары нәтижелер көрсетіп, техникалық күрделі секірулерімен танылды.
2022 жылдан кейін ресейлік мәнерлеп сырғанаушыларға халықаралық жарыстарға қатысуға шектеулер қойылды. Соның салдарынан көптеген спортшылар басқа елдердің атынан өнер көрсету мүмкіндігін қарастыра бастады. Сол уақытта Самоделкина да Қазақстан азаматтығын алып, ел құрамасына өтті.
Отбасы және Қазақстанмен байланысы
БАҚ мәліметтеріне сәйкес, оның анасы қазақ ұлтынан, ал әкесі ресейлік. Оның ағасы мен сіңлі бар. Сіңлі фехтованиядан Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүр.
Милан Олимпиада спортшының жақындары мемлекеттік тумен түскен фотосы желіде тарады. Отбасының барлық мүшесі Қазақстан туының түсіндегі худи киіп, кеуде тұсына ту бейнесін жапсырып, қолдарына еліміздің туын ұстаған.
Фото: Әлеуметтік желіден
Айта кетейік, Софья Қазақстан азаматтығын 2023 жылдың жазында алған. 2024 жылы Қазақстан спорт және туризм академиясына оқуға түскен.
Анасының қазақ болуы да азаматтық рәсімдеуде маңызды рөл атқарды деп жазады БАҚ өкілдері. Сонымен қатар, Қазақстан атынан өнер көрсету оған халықаралық турнирлерге қатысуға мүмкіндік берді.
Қазақстан атынан өнер көрсету
Софьяның өзі жарыстарға Қазақстан атынан шығып жүргендіктен өзін қазақстандық санайтынын және осы ел атынан ары қаратай да өнер көрсете беретінін мәлімдеген.
«Мен қазір Қазақстан атынан екінші маусым қатарынан өнер көрсетіп келемін және бұл менің елім деп есептеймін – дәл қазір маған осы Олимпиадада өнер көрсету мүмкіндігін берген ел. Мен оған шексіз алғысымды білдіремін», – деді ол.
Фото: SOFYA SAMODELKINA/instagram.com
Қазақстан құрамасы сапында ол ересектер арасындағы турнирлерге қатысып, ел намысын қорғап жүр.
Қазақстан атынан өнер көрсете бастағаннан кейін Самоделкина халықаралық турнирлерге қатысты, әлем чемпионатында өнер көрсетіп, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алып, өзінің Олимпиададағы дебютін орындады.
Олимпиададағы нәтижелері
Софья өзінің алғашқы Олимпиадасында тұңғыш рет топ-10-ға енді және жеке рекордын жаңартты, бұл оның мансабында маңызды белес болды.
«Сырғанауыма көңілім толды. Менің тәжірибемдегі ең жақсы сырғанау болды десем қателеспеймін. Барлық элементтерді тамаша орындап шықтым. Менің жаттықтырушым мені мақтады, бұл ең маңыздысы», – деді ол журналистерге берген сұқбатында.
Софья Самоделкина қысқа бағдарламасында 68,47 ұпай жинап, өзінің жеке рекордін жаңартты. Ал Еркін бағдарламасында да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жалпы есепте 207,46 ұпай жинады.
2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы жекелей мәнерлеп сырғанаудан жеңіске АҚШ-тық Алиса Лю (226,79 ұпай) болды. Күміс медалді – жапониялық Каори Сакамото (224,90 ұпай) және Жапонияның тағы бір спортшысы – Ами Накай (219,16 ұпай) қола медаль жеңіп алды.
Техникалық ерекшеліктері және халықаралық рекордтары
Самоделкина — техникалық тұрғыдан күрделі бағдарламаларымен, жоғары жылдамдығымен және эмоциялық жеткізу шеберлігімен танымал. Сарапшылар оны заманауи мәнерлеп сырғанаудағы болашағы зор спортшылардың бірі деп атайды.
Ол халықаралық жарыстарда төрттік секіруді орындаған тоғызыншы әйел және үштік аксельді орындаған он бесінші спортшы. Ол жаттығуларда барлық төрттік секірулерді орындаған (төрттік аксельді қоспағанда) Александра Трусовадан кейінгі екінші әйел. Софья жарыстарда төрттік лупты орындауға алғашқы әрекет жасаған әйел болса да, секіру толық айналма болмағандықтан ратификацияланбады. Халықаралық жарыстарда ол ратификацияланған үштік аксельдер, төрттік сальховтар және төрттік тулуптарды орындады.
Сондай-ақ, Софья ересектер арасындағы Гран при жарыстарында медаль жеңіп алған Қазақстандық алғашқы әйел спортшы.
