Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Әрбір отбасыға жаңа өмірдің келуі – үлкен қуаныш. Мемлекет тарапынан азаматтарды қолдау мақсатында бала тууға байланысты бірқатар әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы филиалы толығырақ айтып өтті.
Бала тууға байланысты жәрдемақылар – мемлекет көрсететін маңызды әлеуметтік қолдау шараларының бірі. Жәрдемақылар екі түрге бөлінеді: біржолғы мемлекеттік жәрдемақы және ай сайынғы төленетін әлеуметтік төлемдер.
Біржолғы мемлекеттік жәрдемақы барлық ата-аналарға немесе қамқоршыларға беріледі: Бірінші, екінші немесе үшінші бала туған жағдайда – 38 АЕК, ал төртінші және одан көп бала туған жағдайда – 63 АЕК.
Ай сайынғы әлеуметтік төлемдер – бұл жұмыс істемейтін ата-анаға республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы: бірінші балаға – 5,76 АЕК, екінші балаға – 6,81 АЕК, үшінші балаға – 7,85 АЕК, төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК.
Жұмыс істейтін және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы ата-аналарға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызына тең. Төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
Аталмыш жәрдемақыларды алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі және банктік шот нөмірін ұсыну қажет. Сондай-ақ, қызметті электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады. Қазіргі таңда проактивті қызмет түрі де қолжетімді, ол үшін ата-аналарға SMS хабарлама арқылы ұсыныс түседі.
Сонымен қатар, көпбалалы аналарға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне де арнайы мемлекеттік жәрдемақылар қарастырылған.
